Валюта интервенциясы деген не және не үшін жасалады?

Жарияланды
Мемлекет араласатын операция туралы түсіндіреміз

Экономикада «интервенция» термині жиі қолданылады. Әсіресе, ұлттық валюта құлдырай бастағанда көбірек естиміз. Жалпы алғанда «интервенция» дегеніміз — араласу. Әскери түрін айтпағанда валюта интервенциясы деген бар. Бүгінгі материалымызды осы терминнің мән-мағынасын толығырақ ашып, оның кемшіліктері мен жақсы тұстарын тізіп шығамыз.

Интервенцияның мәні неде?

Валюта интервенциясы деп шетелдік валютаны көп көлемде сатып алып не сатып, елдің ұлттық банкісінің валта нарығы мен бағымына нысаналы түрде бір рет ықпал етуін айтамыз. Бұл термин қаржы және өндіріс саласында кеңінен таралған. Мемлекеттің экономиканы реттеудегі ең басты құралдарының бірі десек, артық болмайды.

Интервенцияның бұл түрі мемлекеттік алтын валта қоры немесе ұлттық банктің банкаралық «суоп» (қолма-қол) келісімі арқылы қысқа мерзімді кредит түрінде ұлттық валюта есебінен жүзеге асырылады. Егер валюта курсының құралуына мемлекеттік реттеу арқылы ықпал етуінің дәрежесіне қарағанда нарықтық факторлардың әсері мықтырақ болса, ондай жағдайда валюта интервенциясы вал/та курсының тұрақтылығын сақтап тұра алмайды. Мемлекеттің валютаға қатысты саясатының маңызды бөлігі — валютаға шектеу қою. Ол дегеніміз — валютамен, алтынмен немесе өзге де валюталық құндылықтармен жасалатын операцияларды шектеу туралы заңды немесе әкімшілік жолмен белгіленетін ережелер мен нормалар жиынтығы. Ол сырттан валюта әкелу мен шетке валюта шығаруды, аударуды реттейді. Сондай-ақ, валютаны еркін сатуға тыйым салып, валюталық операцияларға бақылау орнатады. Кәсіпорындарды валюталық түсімнің бір бөлігін сатуға міндеттейді.  

Экономика саласында интервенцияның қаржылық немесе тауарлық түрі бар. Көбіне ондай процедураның мәні — бұзылған балансты қалпына келтіріп, баз-баяғына қалпына қайтару. Былайша айтқанда, валюта нарығында интервенция деп мемлекеттің резервіндегі қаражатты еркін қаржы айналымына жіберуді айтады. Мемлекет өз валютасын шектеулі уақыт мерзімінде сату не сатып алу үшін жоспарлап жүргізетін операциялар деген сөз. Интервенцияны елдегі ең басты қаржылық атқарушы орган жүргізеді. Мысалы, Қазақстанда — Ұлттық банк, АҚШ-та — АҚШ-тың федералды резервтік жүйесі. Болмаса, солардың бақылауымен коммерциялық қаржылық ұйымдар жасауы мүмкін. Көбіне ондай жағдайда ұйымдастырушы ретінде мемлекеттің қаржылық саясатын жоспарлаумен айналысатын үкіметтік орган — Қаржы министрлігі болады.

Валюта интервенциясын жасауға түрткі болатын түрлі себеп бар. Мысалы:

  • Қаржылық өзгеріс болған жағдайда белгілі бір деңгейде ұлттық валюта бағамын ұстап тұру үшін;
  • Экспортқа бағытталған экономика үшін кейде қажет болған кезде курсты төмендету үшін;
  • Ұлттық қаржы бірлігін нығайту үшін.

Жалпы алғанда механизмі өте қарапайым: әлемдік нарықта өз валютасын жаппай сата бастаса, демек құны құлдырайды. Керісінше, көбірек сатып алса, өседі.

Қандай түрлері болады?

  • Ашық валюта интервенциялары. Мұндай кезде Ұлттық банк бұған қызығушылық танытаны барлық тұлғаға ресми түрде операцияның өткізілетін уақыты мен көлемі жөнінде ашық ақпарат береді;
  • Вербал валюта интервенциялары. Бұл дегеніміз қаржы ұйымының жетекшілері алда болатын транзакциялар туралы бейресми «өсек» тарата бастайды. Сөйтіп валюта курсына уақытша әсер етуге тырысады;
  • Жабық валюта интервенциялары. Бұл алдыңғы ашық түріне қарама-қарсы. Яғни ақпарат алаңында ол туралы ешқандай әңгіме айтылмайды, көпшілікке жарияланбайды. 

Мұндай келісімдер кезінде қанша қатысушы болатынына келсек, олардың біржақты, бірлескен (екі мемлекеттік қаржы жүйелері арасында) және көпжақты түрлері болады. Соңғысында бірнеше мемлекет мақсатты түрде белгілі бір қаржы жүйесінің валюта бағамының өзгеру саясатына әсер ету үшін жұмылады. Көпжақты валюта интервенциясының жарқын мысалы деп Жапонияда 2011 жылы болған жойқын жер сілкінісі мен цунами кезіндегі жасалған келісімді айта аламыз. Ол кезде Америка Құрама Штаттары, Еуропалық Одақ елдері жапон иенасының курсын 2 пайызға төмендету үшін қаржылай ресурстарын біріктірген еді. Бұлай етудегі басты себеп қауқары азайған экономиканы жылдам қалпына келтіріп, бәсекеге қабілетін жедел арттыру болған. Жалпы алғанда валюта интервенциясының мақсаты курсты бұрынғысына қайта келтіру немесе керісінше, белгілі бір экономикалық мәселелерді шешу үшін курсын өзгерту болуы мүмкін.

Валюта саудасы қалай жүргізіледі?

Саудаға салған кезде бірнеше контрагент қатысады. Олардың бірі ретінде мемлекеттің басты банкі немесе тұрақтандыру қоры жүзеге асырады. Сауда алаңы да түр-түрлі болады. Биржалық та, биржалық емес те валюта нарығы бола береді. Көбіне қаржы операциялары шартты түрде дереу өткізіледі. Шартты дейтін себебіміз — кез келген спот-нарықта келісімшарттар екі тәулікте жасалады. Мұны Т-2 режимі деп атайды. Дегенмен кейде мерзімдік түрі де іске асырылуы мүмкін. Ол дегеніміз белгілі бір келісілген уақыт ішінде өтеді. Айталық, 3 ай немесе жарты жыл дегендей.    

Халықаралық деңгейде Ямайка келісім аясында белгілі бір бекітілген принциптер бар. Ямайка келісімі деген – Кингстонда (Ямайка) өткен Халықаралық валюта қорына (ХВҚ) мүше елдердің кездесуінде қол жеткізілген алтын айырбас стандартының Бреттон-Вуд жүйесін алмастыратын әлемдік валюта жүйесін қалыптастыру қағидаттары туралы халықаралық келісім. Ямайка келісімі жаңа ақша жүйесінің негізі ретінде «арнайы қарыз алу құқығын» жариялады, алтынды демонетизациялауды заңды түрде бекітті, «қалқымалы» валюта бағамы режимін заңдастырды. Ал енді принциптеріне келетін болсақ:

  • Мемлекет билігі өз қаржы жүйесінің жағдайын өзі реттеуге міндетті;
  • Валюта саясатында болған кез келген өзгеріс өзге қатысушылардың мүддесін ескере отырып жасалуы керек;
  • Манипуляцияға жол жоқ! Яғни әлемдік қаржы нарығының балансына кері әсер етуі мүмкін интервенция жасауға тыйым салынған.

Валюта интервенциясы қай кезде жасалады?

Валюта бағамын өзгерту немесе ұстап тұруға бағытталған операциялар елдің экономикалық дамуын ынталандырудың үлкен стратегиясының бір бөлігі ретінде жүзеге асырылады. Ақша-несие саясатының мақсаттары мыналар болуы мүмкін:

  • Саяси немесе экономикалық катаклизмдерден кейін ұлттық валютаның айырбас бағамын тұрақтандыру («ағысқа қарсы жүзу» принципі);
  • Валюталық дәлізді ұстап тұру – валюта бағамын белгілі бір шекте, оның ішінде «бюджеттік ереже» шеңберінде ұстап тұрудың ұзақ мерзімді саясаты;
  • Мемлекеттің қаржылық резервтерін толықтыру;
  • Өтімділікті қолдау, яғни валютаға сұранысты ынталандыру және қамтамасыз ету.

Плюстері мен минустары

Бұл манипуляциялық құралдың басты артықшылығы — ұлттық валюта бағамына жылдам әсер ета алатынында. Ірі валюталық интервенция теріс трендті бірнеше минут ішінде өзгертуге қауқарлы. Дегенмен, оның елеулі кемшіліктері де бар:

  • Валюта интервенциясын жасау өте қымбатқа шығады.  Олар мемлекеттің қаржылық резервтерін айтарлықтай қысқартуы мүмкін. Сондықтан олар тек төтенше жағдайда ғана айтарлықтай мөлшерде пайдаланылады;
  • Ұлттық валюта көлемінің күрт өзгеруі ішкі нарыққа қысым жасап, инфляцияның өсуіне себеп болуы мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз