Ұлттық қордан тағы қанша ақша сұраймыз?

Жарияланды
Сенат Ұлттық қордан алдағы үш жылға арналған кепілдендірілген трансферт мөлшерін мақұлдады

Қазақстан экономикасының құтқарушы періштесіне айналған Ұлттық қордан трансферт алу тағы да жалғасады. Әлбетте, трансферт бөлдірту сенсация емес. Тиісінше, Ұлтты қор қаржысын пайдалануды тоқтатамыз деп айтқан тағы ешкім жоқ. Мәселе, бөлінетін қаражаттың көлемінде болып тұр. Жақында ғана Сенаттың пленарлық отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «ҚР Ұлттық қорынан 2023–2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын таныстырды.

«Заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленді. Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің көлемі жаңа бюджеттік қағидаға сәйкес мұнайға кесімді бағаны ескере отырып айқындалды және болжам бойынша мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтардың көлемінен аспайтын болады», деді министр.

Мұнайдың кесімді бағасы 2023 жылы – баррелліне 48,9 доллар, 2024-2025 жылдары 42,2-40,3 доллар деңгейінде белгіленген. Осыны ескере отырып, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы – 2,2 трлн теңге, одан әрі 2024 жылы – 2 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде айқындалыпты.

Министрдің айтуынша, жоспарлы кезеңде қағидаларды қолдану Ұлттық қордың валюталық активтерін 2023 жылы 66,7 млрд долларға дейін қалпына келтіруге, одан әрі 2024–2025 жылдары 78,8–93,2 млрд долларға дейін арттыруға ықпал етпек.

Министрлік болжамы бойынша, Ұлттық қордан тартылатын кепілдендірілген трансферттің көлеміне және орта мерзімді кезеңде шығыстардың өсу қарқынына жоғарғы шекті белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді. «Заң жобасын қабылдау Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді», деп түйіндеді Әлібек Қуантыров.

Сонымен қатар Қуантыров 2023–2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. Болжам келесі күтулерін ескере отырып қалыптастырылды:

  • 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректері
  • Халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсу болжамы
  • Экспорттық тауарлар бағасы.

Болжам мен бюджеттік параметрлерді қалыптастырудың негізі ретінде базалық сценарий алынды:

  • Мұнай бағасы барреліне 85 доллар
  • ЖІӨ-нің жылдық нақты өсімі – 3,9 пайыз.

Инфляция:

2023 жылы – 7,5 – 9,5 пайыз

2024 жылы – 4-5 пайыз

2025-2027 жылдары – 3-4 пайыз.

Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ):

  • ЖІӨ-нің нақты өсуі 2023 жылы 4 пайыздан 2027 жылы 4,2 пайызға дейін жеделдетіледі
  • Номиналды ЖІӨ 120,7 трлн теңгеден 176,6 трлн теңгеге дейін өседі.

Мұнай өндіру:

  • 2023 жылы – 92,6 млн тонна
  • 2027 жылы – 99,9 млн тонна

Ұлттық банктің деректері бойынша:

  • Экспорт 80,9 млрд-тан 84,6 млрд долларға дейін өседі
  • Импорт 45,7 млрд-тан 53,5 млрд долларға дейін өседі.

Республикалық бюджеттің кірістері:

  • 2023 жылы – ЖІӨ-ге 11,5 пайыз деңгейінде
  • 2025 жылға қарай 17,2 пайызға өсуі күтілуде.

Қосымша түсімдер келесі шаралар есебінен қамтамасыз етілмек:

  • Кіріс базасын кеңейту
  • Салықтық әкімшілендіруді жақсарту
  • Көлеңкелі экономиканың үлесін азайту

Бюджет тапшылығы:

  • 2023 жылы – ЖІӨ-ге 2,7 пайыз
  • 2024 жылы – ЖІӨ-ге 2,6 пайыз
  • 2025 жылы – ЖІӨ-ге 2,5 пайыз.

«Ұсынылған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының параметрлері, сондай-ақ бюджет пен Ұлттық қордың болжамды параметрлері теңдестірілген және экономиканың үдемелі орнықты өсуін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді қалпына келтіруге және тұрақтандыруға бағытталған», делінеді министрлік хабарламасында.

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, биыл мұнай секторы Ұлттық қорға қаржы түсіру бойынша жоспарды артығымен орындауда.

«Биыл мұнай секторынан Ұлттық қорға 3,9 трлн теңге түседі деп жоспарланған болатын. 10 айдың қорытындысы бойынша бұл жоспар триллион теңгеге асыра орындалып жатқанын көріп отырмыз», дейді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, республикалық бюджет бойынша да осындай жағдай байқалып отыр: түсім 1,8 трлн теңгені құрайды деп жоспарланса, 10 айдың қорытындысы бойынша 1,4 трлн теңге түскен.

«Әлемдік мұнай нарықтарында қалыптасып жатқан бағалар мен конъюнктураның арқасында мұнай-газ секторынан Ұлттық қорға және республикалық бюджетке түсетін барлық түсімдер толық көлемде күтілуде», деді премьер-министр.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта Үкімет Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қытай және басқа елдер арқылы мұнай тасымалын әртараптандыру бойынша Жол картасын іске асырып жатқанын атап өтті.

«Аталған барлық бағыттар бойынша мұнай экспортының әлеуетін кеңейту және арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көрші елдердегі әріптестеріміз тарапынан толық түсіністік пен қолдау бар. Олар өздерінің транзиттік мүмкіндіктерін ұсынуға, осы мәселелер бойынша Қазақстанмен ынтымақтасуға дайын», деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ оқыңыз