Ауылдағы денсаулық сақтау саласын дамытуға 218 млрд теңге жұмсалмақ

Жарияланды
Үкімет ұлттық жобаны мақұлдады

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу жайын баяндады. Министрдің айтуынша, жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 217,7 млрд теңге қажет.

Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, ауылда шамамен 8 млн адам (бұл ел халқының 41%-ы) тұрады. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым медициналық көмек көрсетеді.

«Өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің, оның ішінде 253 – медициналық пункттің, 160 – дәрігерлік амбулатория мен 242 – фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталды», деді министр.

Сонымен қатар, ұлттық жоба 32 көпбейінді аудандық орталық аурухананы ұйымдастыру жұмыс істеп тұрған 12 аурухананы жаңғыртуды және 20 жаңа аурухананы ұйымдастыруды көздейді. Инсульт және кардиологиялық, тері арқылы енгізу орталықтары, реанимация және қарқынды терапия, аз инвазивті хирургия, травматология және оңалту бөлімшелерін ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ аудандық орталық аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен үшін жарақтандыру және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген.

Бүгінде ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

А. Ғинияттың айтуынша, медицина кадрларын ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданды, келген әрбір дәрігерге 1-2 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді, ал кейбір әкімдіктер үш-бес миллионға дейін бөледі. Жыл сайын клиникалық бейіндегі 1500 медицина кадрын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінеді, түлектерді өңірлерге бөлу жүзеге асырылады.

Ауылда медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «адамға бағдарланған тәсіл» медициналық-санитариялық алғашқы көмектің озық тәжірибелерінің жобалары енгізіліп жатыр. Мысалы, пациенттерді қолдау қызметі, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс механизмі, инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары, дұрыс тамақтануды, өмір салтын үйрету, әмбебап прогрессивті патронаж үлгісі, отбасын жоспарлау, ер адамдардың денсаулығын жақсарту, баланы дамыту кабинеттері бар.

Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кірмейтін дәрілердің қолжетімділігін арттыру үшін салалық заңнамаға ауылдық медициналық ұйымдарда дәріхана пункттерін құру жөніндегі норма енгізілді. Биыл 4 айда 230 елді мекенде 75 мемлекеттік және 161 жеке дәріхана ашылды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша шаралар қабылдануда. Ауылдық денсаулық сақтау объектілерінің 86,1%-ы интернетке қосылған, жұмыс орындарының 91,1%-ы компьютерлермен жабдықталған, 81% медициналық ұйым госпитальдық ақпараттық жүйелерді енгізген», — деді денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ, ауылдағы объектілерге инвентаризация жүргізілді, нәтижесінде 200-ден астам елді мекенде медициналық объекті жоқ, 400-ге жуық медициналық объекті жалдамалы, апаттық, бейімделген ғимараттарда орналасқан. Ауылдық медициналық-санитарлық алғашқы көмектің медициналық инфрақұрылымының тозуы 50%-дан асады.

Сондай-ақ оқыңыз