Банк секторының қандай басымдықтары белгіленді?

Жарияланды
Қаржы институттары үшін қандай жаңа критерийлер енгізілді?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі банк секторын қадағалау саясатының 2022 жылға арналған негізгі басымдықтары шеңберінде екінші деңгейдегі банктермен негізгі міндеттерді орындау мәселелері бойынша тоқсан сайынғы кездесу өткізді. Кеңестің күн тәртібіне 3 мәселе енгізілді:активтер сапасын бағалау (AQR) нәтижелері бойынша банктердің түзету шаралары жоспарларын орындау қорытындылары; ESG тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі туралы ақпаратты жария ету жөніндегі ұсынымдар; стрестік активтерді сату бойынша цифрлық платформа құру.

AQR енгізу банк секторы активтерінің сапасына тәуелсіз бақылау жүргізуге тамаша тәсіл болды. AQR-дің арқасында банктің қаржылық хал-ахуалы анықталады, ал шынайы жағдайды білу қаржы институтына қатысты нақтылық ақпаратқа қолжеткізуге, жалпы банктердің тұрақтылығы мен оларға деген сенімнің артуына жол ашады. Агенттіктің хабарлауынша, 2020 жылғы сәуір – 2022 жылғы 1 желтоқсан аралығындағы кезеңде банктер түзету шаралары жоспарларының іс-шаралары жалпы санының (23 449 іс-шара) 90%-ын немесе 21 092 іс-шараны іске асырған. Екі жылдық кезеңде өткізілген іс-шаралардың нәтижелері банктердің негізгі бизнес-процестерінің едәуір өзгергенін, корпоративтік басқару мен ішкі бақылаудың жетілгенін, тәуекелдерді бағалау жүйесінің жақсарғанын, олардың капитал мен кірістілік көрсеткіштеріне әсер еткенін көрсетті.

AQR қорытындысы бойынша ҚР заңнамасы банк қызметін реттеу мәселелері бойынша жетілдірілді және ХҚЕС-қа сәйкес келтіріліпті. Қалған 10% іс-шараны іске асыру, негізінен, жаңартылған бизнес-процестерді автоматтандырумен байланысты екен.

Сонымен бірге, Агенттік Халықаралық қаржы корпорациясымен бірлесіп іске асырылатын қаржы ұйымдарының ESG тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі туралы ақпаратты жария етуі бойынша, сондай-ақ ESG-тәуекелдерді басқару бойынша ұсынымдар әзірлеу жөніндегі жобаға қатысты ақпарат ұсынды.

Бұл ұсынымдар:

  • Жаһандық есептілік бастамасы (GRI),
  • Орнықты даму саласындағы есепке алу стандарттары жөніндегі кеңес (SASB),
  • Халықаралық интеграцияланған есептілік жөніндегі кеңес (IIRC),
  • Климатқа байланысты қаржылық ақпаратты жария ету жөніндегі жұмыс тобы (TCFD),
  • Халықаралық орнықты даму стандарттары жөніндегі кеңес (ISSB),
  • Еуропалық банктерді қадағалау қызметі (EBA) сияқты ұйымдардың орнықты дамуы туралы ақпаратты жария ету саласындағы 6 озық халықаралық стандартына негізделген.

Қаржылық емес ақпаратты жария ету үш блок:

  • Маңызды  ESG-ақпаратты айқындау,
  • ESG-факторларды басқару,
  • Корпоративтік басқару шеңберінде жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

Бірінші блок қаржы ұйымдарының «қоршаған орта», «климат», «қызметкерлер», «азық-түлік және тұтынушылар», «қаржылық инклюзия», «этика» сияқты, олардың қызметіне елеулі әсер етуі мүмкін ESG факторларын айқындауын көздейді.

Екінші блок шеңберінде қаржы ұйымдары тиісінше басшылық ету және ESG-факторларын басқаруды қамтамасыз ету үшін пайдаланатын құрылым мен процестерді жария ету ұсынылады. Бұл блок орнықты дамуды басқаруды, стратегияны, тәуекелдерді басқаруды және тиімділіктің негізгі көрсеткіштерін (KPI) басқаруды қамтиды.

Үшінші блок корпоративтік басқару  мәселелерін қамтиды және ESG практикаларына басымдық беру, директорлар кеңесінің қызметі, бақылау ортасы, акционерлердің құқығы және  мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл туралы ақпараттан тұрады.

Мамандардың айтуынша, ESG стандарттарын енгізу процесі және олардың ерікті түрде сақтаудан міндетті түрде сақтауға көшу кезең-кезеңмен жүргізіледі деп жоспарлануда, бұл қаржы ұйымдарының жаңа реттеушілік талаптарға бейімделуіне мүмкіндік береді.

Стрестік активтерді сату бойынша цифрлық платформа құру да – келешегі зор әрі тиімді бастама.

«Цифрлық платформаны құру проблемалық активтер туралы ақпаратты стандарттауға және нарықтың ашықтығын арттыруға, сатушылар мен инвесторлар арасындағы «ақпараттық асимметрияны» еңсеруге, инвесторлар базасын кеңейтуге ықпал етеді және сатылатын стрестік активтер туралы ақпараттың жалпыға қолжетімді көзі болады. Платформа нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы орын алған баға алшақтығын қысқартуға және стрестік активтерді сатып алу мен сатудың толыққанды қайталама нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді», делінеді Агенттік хабарламасында.

Қазіргі уақытта цифрлық платформа құру бойынша жобаның толық техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) дайындалды. ТЭН шеңберінде Қазақстан нарығы үшін цифрлық платформа моделі айқындалды.

Цифрлық платформаны құру моделі бірыңғай талаптарды қанағаттандыратын бірнеше цифрлық платформаны аккредиттеуді және оның одан әрі жұмыс істеуін көздейді. Мұндай тәсіл қолданыстағы және құрылатын платформаларға тең қолжетімділікті сақтайды, сондай-ақ инвесторлар үшін стрестік активтермен сауда-саттық процесінің ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етпек.

Сондай-ақ оқыңыз