«Жасыл ипотека» дегеніміз не? Ол бойынша қалай баспана алуға болады?

Жарияланды
Бір адам «7-20-25» арқылы бір реттен артық займ рәсімдей алмайды

«Отбасы банк» 2022 жыл аяқталар тұста «Жасыл ипотека» жаңа тұрғын үй бағдарламасының іске қосылғанын жария етті. Ипотекаға тек жаңа пәтер алуға болады, яғни қайталама нарықтағы пәтерлер бұл несиеге рәсімделмейді. Сондай-ақ, пәтерді тек Omir, Гост Р, Breeam, Leed сертификаттары бар тұрғын үйлерден алуға болады.

«Жасыл ипотеканың»  негізгі шарттары мынадай:

  • Бастапқы жарна – 20 пайыз;
  • Жылдық пайыздық мөлшерлеме – 12,5 пайыз (кейін 3,5-5 пайызға дейін төмендейді);
  • Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – 13,3 пайыз;
  • Несие сомасы – 35 млн теңге.

Тұрғын үй бағдарламасы биыл, 2023 жылы іске қосылады. Нақты уақыты әзірге белгісіз.

Төмен пайызды «Жасыл ипотека» бағдарламасы туралы Отбасы банкінің басышысы Ләззат Ибрагимова алғаш рет 2022 жылғы маусымда хабарлаған болатын. Ол бұл жобаның бірінші кезеңі халықаралық қарды ұйымдары, ал екінші кезеңі арнайы облигациялар шығару арқылы жүзеге асырылатынын айтқан еді.

«Отбасы банктің» хабарлауынша, былтыр Бұл несие алған және жеке баспанасына қол жеткізген отбасылар саны 80 мыңға жеткен. Яғни күн сайын 400 отбасы қоныс тойын тойлап отырған.

«Оның ішінде әрбір сегізінші отбасы несиені бюджет қаражаты есебінен алған. 10 мың отбасы бастапқы жарнасы 10 пайыз және несие мөлшерлемесі 2 пайыз «Бақытты Отбасы» немесе 5 пайыз «Шаңырақ» немесе «Нұрлы Жер» бағдарламалары бойынша ипотека алды. Он мың пәтерді жылдар бойы кезекте тұрған азаматтар алды. Бір жылда 600 мыңнан астам депозит ашылды және бүгін біздің отбасымыз 2 миллионнан астам адамнан тұрады. Барлығы бірге 2 триллион теңгеден астам қаражат жинады», деп дерек келтіреді Ибрагимова.

Сондай-ақ 2.5 миллионнан астам операцияны клиенттер онлайн форматта жүргізген.

«Біздің жастарға арналған ипотека нағыз хитқа айналды. Алматыдан бастап едік, ізінше Астана қаласының әкімдігі ақша бөлді, ал қазір Атырау, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жетісу, Абай облыстары жас отбасыларға қолдау көрсетуде», деп атап өтті ол.

Жалпы, былтырдан бері баспана алуға деген қызығушылық жоғары қарқынмен өсті. Сөзімізді жоғарыда келтірілген Ләззат Ибрагимованың деректері де дәлелдейді. Әрине, баспанаға деген  қызығушылықпен қатар үй бағасы да өсуде.

Krisha.kz сарапшыларының хабарлауынша, 2022 жылы тұрғын үй бағасының өсімі бойынша Ақтөбе қаласы көш басында тұр. Бұл өңірде 2022 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейін қайталама нарықтағы үй бағасы 21 пайызға қымбаттаған. Бір жыл бұрын 9,6 млн теңгеге бағаланған үйлер қазір 12 млн сұрап тұр.

Екінші орында – 20,6 пайызға қымбаттаған Семей. Бұл жақта пәтерлер 2,5 млн теңгеге дейін қымбаттап кеткен. Үшінші орында – Қостанай. Өсім көрсеткіші – 13,3 пайыз. Рейтингтің дәл ортасында 11,5 пайыздық өсіммен Алматы да бар. Бір бөлмелі үйлер 25 млн-нан 28 млн-ға өскен. Екі бөлмелі пәтерлер бағасы 32-ден 35 млн-ға дейін қымбаттапты. Сәйкесінше, үш бөлмелі пәтерлер 41-ден 45 млн-ға дейін өскен.

Үшінші мегаполис Шымкент қаласында да үй бағасы 10,9 пайызға өсті. 15 млн теңге тұратын үйлер 17 млн теңге сұрайды. Тізім соңында – Астана қаласы. Бір жылда баға 7,6 пайызға көтерілген. Орташа бір бөлмелі үйдің бағасы – 19 млн теңге маңайында. Бір жыл бұрын 17-18 млн теңгеге бағаланған. Екі бөлмелі пәтерлер – 25-тен 26,5 млн-ға, үш бөлмелі пәтерлер 36-дан 38 млн теңгеге қымбаттапты.

Талдықорған қаласында да қымбаттаудың жылдық теріс динамикасы 2,6 пайыз шамасында. Мұнда 12,7 млн теңге тұратын пәтерлер 12,3 млн теңгеге дейін арзандаған.

Әзірге елімізде жаңа ипотекалық бағдарламалар жарияланған жоқ. 19 желтоқсанда «7-20-25» бағдарламасының 2029 жылға дейін жалғасатыны туралы қаулы жарық көрді. Жылдық максималды транш 100 млрд теңгеден аспайды.

Бағдарламаның шарттары да бұрынғыдай қала береді:

  • Мөлшерлеме – 7 пайыз;
  • Алғашқы төлем – үй бағасының 20 пайызы;
  • Максималды займ сомасы – кепіл құнының 80 пайызы;
  • Кепіл – сатып алынған тұрғын үй;
  • Несие мерзімі – 25 жылға дейін;
  • Тек қана бастапқы тұрғын үй нарығынан сатып алуға рұқсат етіледі.

Бағдарлама аясында несие беру қадамы қарапайым. Алдымен қарыз алушы алғашқы төлемді құяды және тұрғын үй таңдайды. Екінші, қарыз алушы екінші деңгейлі банкке барып, мақұлдау алуы қажет. Үшінші, банк қарыз алушыны тексеріп, бәрі дұрыс болған жағдайда займ келісімшартын жасайды. Сөйтіп, қарыз алушы тұрғын үйді сатып алады.

Сондай-ақ бұдан былай бір адам «7-20-25» арқылы бір реттен артық займ рәсімдей алмайды. Бағдарлама арқасында банктердің ипотекалық портфелі 1,6 трлн теңгеге дейін артып, 2030 жылға дейін 100 мың отбасы баспаналы болады деп жоспарланып отыр.

Қатысты материалдар