ESG деген не: сәнді тренд пе әлде даму құралы ма?

Жарияланды (жаңартылды )
Оның Қазақстан экономикасына әсері қандай? 

Экономиканың тұрақты әрі қарқынды дамуы маңызды. Бұл ретте ESG қағидаттарының рөлі басым. Соңғы жылдары жаһандық деңгейде кеңінен қолданысқа еніп келеді. Тіпті экономиканың ажырамас міндетті бөлігіне айналды.

ESG деген не? Оның Қазақстан экономикасына әсері қандай? 

Ағылшын тілінінен аударғанда:

 E — environment  (қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау)

S — social (жоғары әлеуметтік жауапкершілік)

G — governance (корпоративтік басқарудың жоғары сапасы) деген мағынаны айшықтайды. Яғни, экономиканың үздіксіз дамуы үшін осы үш тармақтың тізгіні қатар өрілуі тиіс. Кез келген компания аталған үш қағиданы берік ұстанауы міндетті.

Экологиялық қағида бойынша компанияның табиғатты қорғаушы ретінде қалай әрекет ететіні анықталады. Қоршаған ортаға келтіретін  залалы мен оның алдын алу барысында қолға алынған шаралары ескеріледі.  Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экология талаптары мен заңдылық шеңберінен аспау, табиғаттың ластануы мен парникті газдардың шығындыларына жол бермеуі қажет.

Мысалы, Timberland аяқ киім брендін қарастыруға болады. Бұл компания табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мақсатында  Omni United Шина өндірушісімен серіктестік орнатқан. Олар пайдалануға жарамай қалған көлік дөңгелектерін қайта өңдеп, одан етік табандарын жасаумен айналысады.

 Әлеуметтік қағида негізінде  компанияның өз  қызметкерлерімен, жеткізушілерімен, тұтынушылармен, серіктестерімен және қоғаммен қандай деңгейде қарым-қатынас жасайтыны  айқындалады.  Мұндағы талап бойынша еңбек сапасына жауаптылығы, жұмыс барысындағы әділдік, гендерлік тепе-теңдік, әлеуметтік жобаларды қаржыландыруы маңызды. Сонымен қатар жұмысшылардың денсаулығы мен өмір қауіпсіздігі, адамдардың құқықтары мен бостандықтары, тұтынушы алдындағы жоғары жауапкершілік, кәсіби біліктілікті арттырып, үздіксіз даму мәселесі қаралуы тиіс және балалар мен құл еңбегін қанаудан аулақ болуы шарт.

Корпоративтік басқару қағидасы бойынша компанияны басқаруға, басшылардың жалақысына, аудитке, ішкі бақылауға және акционерлердің құқықтарына қатысты сараптау жүргізіледі.

Атап айтқанда, есеп-қисаптың ашықтығы, басқару жүйесіндегі жалақы мәселесі, кеңседегі өзара ынтымақтастық пен ұйымшылдық, акционерлермен қарым-қатынас пен  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар қарастырылады. Ұжымды дұрыс басқара білуі, қызметкерлерді шабыттандырып, еңбек өнімділігін арттыруы қажет.

Әлемдегі әйгілі компаниялардан kering конгломератын  (Gucci, Balenciaga, Saint Laurent сән үйлері) мысалға келтіруге болады. Бұл компания рейтинг бойынша 2019 жылдан бері сәнді киімдер өндіретін 28 компанияның  көшбасында келеді. Талай жылдар қатарынан үздіктер тұғырынан түспеуін ESG талаптарын мүлтіксіз орындауымен түсіндіреді. Яғни, бұл өндіріс ошағы  утты пластмассаны өндіруден 99,8 пайызға бас тартқан. Сондай-ақ, өндіріс қалдықтарынан қайта өңдеп кашемир тондарын жасайды. Тіпті сән өндірісі бойынша тегін оқыту курстарын қолға алған.

ESG талаптары қайдан шықты?

Тарихына үңілсек, ESG қағидасын алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан ұсынған. Оның көзқарасынша, экономика қай тараптан алғанда да игіліктің қайнар көзіне айналуы тиіс. Әсіресе ғаламдық жылынудың күллі тіршілікке тырнағы батып тұрған сәтте оның маңызы арта түседі. Әуелгіде жаһандық жылынудың алдын алу мақсатында ұсынады.

Ғалымдардың дерегіне жүгінсек, түрлі өндіріс ошақтарынан бөлінетін улы қалдықтар қоршаған ортаны ластап қана қоймай, күллі тіршілік иесін тұншықтырып барады. Егер, осы қарқын жалғасса, ғаламдық жылыну жер жүзін айықпас қасіретке апарып соғады.

Мұның алдын алудың бірден бір жолы – экологиялық қауіпсіздік экономикасын құру. Өндіріс орындарындағы зиянды заттардың таралуына тосқауыл қойып, қайта өңдеу технологияларын іске қосу.

Сондай-ақ экономиканың тұрақты дамуына ықпал етуші фактор ретінде әлеумет алдындағы жауапкершілік пен корпоративті басқару мәселесін де қосып қарастырады.

Адамзат пен табиғаттың үндестігіне құрылған экономиканың әлеуеті де анағұрлым биік тұрарын алға тартқан. Ең бастысы, экономиканың тұрақты дамуы үшін барлық қағидалар арасындағы тепе-теңдік сақталуы керек.

 ESG талаптары тек жаһандық жылыну үдерісін тежеп қана қоймай, қоршаған ортағаның ластануын тосқауылдайды. Бай және кедей елдер арасындағы экономикалық теңсіздікке тойтарыс береді. Адамзат мүддесі мен құқықтары аяққа тапталмайды. Қаржылық даму стратегиялары жаңарады. 

ESG қағидаларының қандай маңызы бар?

Бүгінде әлемде компаниялардың даму көрсеткішін тұрақты қаржылық табысы бойынша емес, бедел- абыройына қарай бағалауға бет бұрған.

Ал ESG талаптарына сай келмейтін компанияларға инвесторлар тарапынан қолдау көрсетілмейді. ESG рейтингінің төмен болуы тиімсіз.

Британдық «Ernst & Young» аудиторлық-консалтинг компаниясы 2020 жылы  институционалдық инвесторлар, сақтандыру және инвестициялық компаниялар мен  зейнетақы және қайырымдылық қорлары арасында сауалнама жүргізеді. Нәтижесінде, сауалнамаға қатысқандардың 98 пайызы компаниялардың ESG рейтингін қатаң қадағалайтынын айтқан.

Кейбір деректерге сүйенсек, инвесторлардың 97 пайызы ESG талаптарына сай келетін компанияларды ғана қаржыландырады. 

Демек, инвесторлардың көзіне түсуге ықыласты компанияның ESG талаптарын айланып өтуге құқы жоқ. Тұрақты даму үшін  ESG принциптерімен санасуға мәжбүр.

Мәселен, Германияда ESG талаптарына сай келетін компанияларға несиені не бары 2 пайызбен берсе, міндетті шарттарын орындай алмағандары несиені 8 пайызбен алады.

Сонымен, ESG қағидаттарын ұстанатын компаниялар бірқатар басымдыққа ие болады, атап айтқанда:

  •  инвесторлар мен несие беруші мекемелердің назарына ілігеді,
  • қаржылық көрсеткіштері артады,
  • еңбек өнімділігі өседі,
  • Ал ұзақ мерзімді даму барысында іскерлік қарым-қатынас беки түседі,
  • беделі шарықтайды,
  • компанияның имиджі қалыптасады,
  • экологиялық салық шығындары азаяды,
  • бизнес технологиялары мен инновациясы артады.

Осыншама басымдықты ескерусіз қалдырып, ESG  талаптарына немқұрайлы қараған компаниялардың тұтынушылары да біртіндеп кеми береді.

Оған дәлел ретінде мына бір зерттеуді айтуға болады.

Консалтинг пен аудит саласының жаһандық алпауыты «PricewaterhouseCoopers» (PwC) осы мәселеге қатысты экономикасы  дамыған, дәулетті елдерде кең ауқымды сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде, сұралған тұтынушылардың 76 пайызы қандай да бір өндірушінің қоршаған ортаға, қызметкерлеріне немесе өзі орын тепкен жердегі жергілікті қоғамдастыққа теріс әсер ететінін білсе, ол компанияның өнімдерін сатып алудан бас тартатынын мәлімдеген.

Демек, ESG уақыт санап беки түседі. «PricewaterhouseCoopers» ( PwC) болжамынша, 2025 жылға қарай өзге қорларға қарағанда  ESG қорлары көбірек активті басқаруға қол жеткізеді. Бүгінде ESG қорларының саны да еселеп өсіп барады. 2020 жылдың аяғында 4 153 болса, 2021 жылдың аяғында 7,5 мыңнан асқан.

PwC байламынша, енді ESG талаптарын сақтамайтын барлық елдер мен жеке компаниялар үшін капитал нарықтары жабылуы мүмкін. Салдарлар мұнымен шектелмейді.  Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) ESG-ге немқұрайлы қарайтын елдердің  халықаралық қарыз алуы да қиындай түсетінін болжап отыр.

Қазақстанда қалай жүзеге асады?

Демек, Қазақстан экономикасының тұрақты дамып, шетелден инвестор тартуы үшін компаниялардың халықаралық стандарттарға сай келуі маңызды.

Үкіметке тікелей шетелдік инвесторлар тартуды міндетін жүктеген Президент Қасым- Жомарт Тоқаев: «Заңға өзгеріс енгізуден бастап, қажетті шараның бәрін қабылдаңыздар. Іштен және сырттан инвестор тартыңыздар!»,– деген еді.

Үкімет инвестор тартуда ESG Халықаралық стандарттарына көшуді басшылыққа алып отыр. Қазіргі кезде әзірленіп жатқан «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы» жобасында 2023 жылы тікелей шетелдік инвестиция көлемін – 25,1 млрд, 2024 жылы –27,6 млрд, 2025 жылы 30 млрд долларға жеткізу міндетін белгіленді.

Сондай-ақ оқыңыз