Жаңалықтар

Жалдау ақысын субсидиялауға 50 млрд теңге бөлінеді. Оның игілігін кімдер көре алады?

Жалдау ақысының жартысын мемлекет төлейді. Фото: shutterstock.com

2023 жылы жеке тұрғын үй қорындағы баспаналардың жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасын жүзеге асыруға 50 млрд теңге бөлінбек. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлап отыр. Аталған шара 70 мың адамды қамтымақ. Яғни, бағдарлама аясында азамат тұрғын үйдің жалдау ақысының 50 пайызын мемлекеттен алып, 50 пайызын өзі төлейді.

Аталған бағдарламаға қатысу үшін өтінішті Otbasybank.kz платформасына жіберуге болады. Жалдау ақысын субсидиялауға өтініш электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы қабылданады. Сонымен қатар жалға берілетін тұрғын үйді азаматтар өздері іздеп, таңдауы тиіс. «Отбасы банк» тұрғын үйді жалға алу бойынша субсидияларды жалдау шартының қолданылу мерзімі мен төлемдердің кестесіне сәйкес ай сайын төлейді.

«Отбасы банкі» субсидия алушылардың сәйкестігіне мониторинг жүргізіп, сондай-ақ ай сайын төлем тәртібін қадағалайтын болады. Өз кезегінде жергілікті әкімдіктер кемінде тоқсанына бір рет жалға берілетін тұрғын үйді тексереді. Бұл орайда жақын туыстарынан, бұрын некеде тұрған жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан тұрғын үйді жалға алуға, сондай-ақ аталған баспананы қайта жалдауға өткізуге тыйым салынатынын еске сала кеткен жөн.

50 пайыздық субсидияға кім үміткер бола алады?

Министрліктің хабарлауынша, жалға алу төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға 4 санатқа сәйкес тұрғын үйге кезегінде тұрған азаматтар, атап айтқанда I және II топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және көп балалы отбасылар үміткер бола алады. Бұл ретте үміткер отбасылардың кейінгі 6 айдағы орта айлық жиынтық табысының мөлшері жанұяның әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс.

Нақтылап айтқанда:

  • Тұрғын үй кезегінде тұрған Қазақстан азаматы. Соның ішінде:
  • I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
  • Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы;
  • Жетім бала және жасы ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала, 29-ға жетпеген, кәмелет жасына дейін ата-анасынан айырылған бала;
  • Көпбалалы отбасы.

Қазіргі уақытта елімізде мұндай жеңілдік санатына ие адам саны – 70 мың.

Бағдарламаға қатысушылар не істеуі керек?

  • Олар әуелі otbasybank.kz порталында тіркеледі. Бұл ретте міндетті түрде ЭЦҚ кілті болуы тиіс.
  • Төлемге өтініш береді.
  • Арендалық тұрғын үй – пәтер немесе үйді өзі іздеп табады.

Арендатор мен үйді жалдаушы азамат порталда жалға алу келісімшартын толтырып, қол қояды. Қалған құжаттарды «Отбасы банк» мемлекеттік органдардың базасынан өзі алады.

«Азаматтың деректері тексерілгеннен кейін оған банктен шот ашылады. Ол шотқа өтінім беруші аренда құнының жартысын аударуы керек. Осыдан кейін банк қалған 50 пайызын құяды. Сосын жалпы сома жалға берушінің шотына түседі», деп түсіндіреді «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Жалдау ақысына субсидия алудың бірегей шарты – төменгі табыстың болуы. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бері елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңге болып бекітілді. Жалпы табыс отбасының әр мүшесіне шаққанда осы сомадан аспауы тиіс.

Табыс құрамына:

  • Жалақы, сыйақы, қосымша төлем, үстеме ақы;
  • Зейнетақы және әлеуметтік төлемдер, атаулы әлеуметтік көмектен бөлек;
  • Салық декларациясына сәйкес кәсіпкерліктен түскен табыс кіреді.

Азамат баспананы жеке тұлғадан да, заңды тұлғадан да ала алады. Ең басты шарт – құқықтық кадастрде тіркелген арендалық келісімшарттың болуы. Төлем қолма-қолсыз тәсілмен жүзеге асырылады.

Тұрғын үйді мына азаматтардан жалға алуға болмайды:

  • Жақын туыстардан;
  • Ерлі-зайыптылардан, оның ішінде бұрынғы күйеуінен/әйелінен;
  • Күйеуінің/әйелінің жақын туыстарынан.

Жақын туыстар дегеніміз – ата-анасы, баласы, асырап алушы, асырап алған бала, ағасы, әпкесі, атасы мен әжесі, немересі.

Бағдарлама былтыр басталды. Бастала салысымен ел азаматтарынан дүркін-дүркін өтінім түсті. Алайда 10 мыңнан астам өтінім мақұлданбаған. Оның басты себептері:

  • Өтінім берушілердің көбі СМС арқылы келген тіркеу кодын енгізбеген;
  • Көбінің жеке куәлігінің мерзімі өтіп кеткен;
  • Өтінім берушінің атында жылжымайтын мүлік бар болып шыққан;
  • Мемлекеттік кірістер комитетінде қарызы бар екені анықталған;
  • Әкімдіктегі тұрғын үй кезегінде немесе азаматтардың мобилді базасында тіркелмеген болып шыққан.

Биыл өтінім берушілер осындай қателіктерді қаперде ұстап, қойылған талаптарды мейлінше орындауға зер салуы тиіс.

2022 жылдың ақпанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарлама әлсіз іске асып жатыр деп сынға алған болатын.

«Бірақ баяулықтың кесірінен, бәлкім саботаж салдарынан жүздеген мың қазақстандық әлі күнге дейін мұндай қолдауды ала алмай отыр. Шенеуніктер ұзақ уақыт бойы аз қамтылған азаматтар үшін тұрғын үй шығындарын азайту жөніндегі қарапайым және түсінікті бастамадан ірі құрылыс фирмаларын қолдаудың кезекті құралын құруға тырысты. Соңғы рет қайталаймын: бұл әлеуметтік бастама», деген еді Мемлекет басшысы.