Сыртқы теріс факторларға қарамастан, теңге сәл нығайды

Жарияланды
Теріс факторларға қарамастан теңге сәл нығайды. Фото: kursiv.media

Сыртқы теріс факторларға қарамастан, биржадағы бейсенбі күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша USDKZT бағамы біршама төмендеді. Сауда қорытындысы бойынша бір доллар бағамы 444,03 теңге болған. Сонымен қатар, сауда белсенділігі жоғары деңгейде қалып отыр. Кеше 199,1 миллион доллар саудаланған.

Дереккөз: ҚҚҚ сайты

Жарияланған ішкі статистикалық мәліметтерден Қазақстанның 2022 жылғы сауда балансының оң сальдосы 34,4 млрд долларды (+82%) құрағанын көруге болады. Бұл әлемдік нарықтағы шикізат бағасы қымбат, ал экспорт қарқыны импорт қарқынынан 2 есе жоғары болуымен байланысты, деп жазады Қаржыгерлер қауымдастығының мамандары.

Сонымен қатар сарапшылар биыл шикізат бағасы арзандап, импортты жеткізу тізбегінің қайта түзетілуін ескере отырып, жағдай күрт өзгеруі мүмкін екенін айтады. Бұл валюта бағамына қысым жасауы мүмкін.

Ал USDRUB бағамы бір доллар үшін 74,86 рубль деңгейіне дейін көтерілді (+0,4%). Мұнай және газ кірісі төмендеуімен қатар, рубль ЕО-ның Ресейге қарсы оныншы пакет санциясынан қысым көріп отыр.

Еуропалық комиссия Ресейге экспорттауға тыйым салатын тауарлардың 146 беттік тізімін талқылап жатыр. Бұл санкциялар пакеті жылына 11 миллиард еуроға бағаланады және ақпан айының соңынан бастап енгізіледі деп күтіліп отыр.

Бұл ретте, Ресей банкінің басшысы Эльвира Набиуллинаның мәлімдемесіне сәйкес, қазргі уақытта валюталық бақылауды ырықтандыруға мүмкін болмағандықтан, шетел валютасын алу және валюталық аударымдар бойынша шектеулер наурыз айында ұзартылады.

Сондай-ақ оқыңыз