Пандемия басталғалы қоғамның барлық дерлік саласында айтарлықтай өзгеріс болып жатыр. Сәйкесінше, жаңа тренд пайда болып, кәсіп иелері соған ілесуге тырысады. Бүгінгі материалымызда сән индустриясында 2023 жылы қандай тенденция орнайтынын, сұлулық саласында бизнес ашу идеясын құптауға бола ма, жоқ па — сол туралы айтамыз.
Расында Covid-ке байланысты біраз брэнд өзінің бұған дейін ұстанып келген принципін өзгертіп, жоспарын ауыстырды. Одан қала берді көрші елдерде болып жатқан геосаяси жағдай да оңай тиіп жатқан жоқ. Әлем бойынша кризис екенін атап өтпесе тағы болмайды. Осының бәрінен соң сән индустриясында әжептәуір трансформация болуы заңды. Бұл ретте McKinsey атты халықаралық консалтиң компанияның жүргізген зерттеуіне үңілейік. Нәтижесіне қарасақ, әлемдік сән индустриясындағы табыс 2021жылы 20 пайызға артса, 2022 жылы тағы 13 пайызға көбейген. Олай болса, 2023 жылдан не күтуге болады?
Қандай тауар трендте?
- Ыңғайлы киімдерге сұраныс артады. Дағдарыс кезінде көпшілік барынша үнемдеуге, шашылмауға тырысады. Бұл дегеніміз халықтың тұтыну деңгейі төмендейтінін білдіреді. Ал қазір әлем бойынша кризис орнап жатыр. Ондай кезде барынша ыңғайлы киімдер сұраныста болады. Әрине, жаңа ұрпақ — Z өз трендін қалыптастыратыны белгілі. Әйтсе де, ол заманға, қоғамға лайықталады. Сарапшылардың айтуынша, әсіресе спорт үлгідегі киімдер, кроссовкалар сегментіне алдағы жылдары сұраныс едәуір артады. Ал зергерлік бұйымдар, түрлі аксессуар, классикалық аяқ-киімдер одан кейінгі орынға жылжуы мүмкін. Брендтерге келсек, бағасы арзандауын немесе жеңілдік мөлшері жоғары түрлерін сатып алушылар артады. Зерттеу сауалнамасына қатысқан миллениалдар мен зумерлердің — 75 пайызы, Х ұрпақ өкілдерінің — 64 пайызы және бейби-бумерлердің 53 пайызы осылай жауап берген екен. Осы ретте байқалатын келесі тренд: оффпрайс және секонд-хенд. Одан қала берді, киілген киімдер сатуға арналған платформаларға да сұраныс артуы бек мүмкін деседі. 2025 жылға қарай олар бүкіләлемдік сән индустриясы табысының 12 пайызын құрайды деген болжам бар.
- Гендерлік-нейтрал сән. Қазір жастардың арасында fluid-fashion термині кең таралған. Бұл дегеніміз гендерлік-нейтрал киімдер яки ерге де, әйелге де арналған сән үлгілері. Алдағы уақытта жынысына қарап киіну деген жоғалып кетуі де ғажап емес деседі. Әзірге подиумнан көбірек көріп жүрген болсақ, жуық арада масс-маркетте де нейтрал киімдер артады дейді. Егер осы тренд тарайтын болса, онда біраз брендке дизайн, маркетиң тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Klarna финтех-компаниясы жүргізген сауалнамада зумерлердің жартысынан астамы коллекциядағы киімдердің ішінен өз жынысына сәйкес келмейтінін алғандарын айтқан. Ал 70 пайызға жуығы алдағы уақытта гендерлік-нейтрал зат сатып алуға қызығушылық танытқан. Қазіргі есеп бойынша, 2036 жылға қарай Z ұрпағы әлемдегі тұтынушылардың ең ірі тобы болады-мыс. Олар қазірдің өзінде жаңа трендтер жасауға ат салысып, ой-пікріін желіде жиі білдіріп тұрады. Ал олардың пікіріне сән индустриясының мамандары құлақ асады, әрине.
- Жауапкершілік трендте. Кейінгі жылдары еніп жатқан бұл трендтің түбінде «үш R» принципі жатыр. Яғни бұл — resale, rental and repair (қайта сату, жалға алу және киімнің кем-кетігін түзетіп, тіктіріп алу). Жалпы алғанда мұндай принципті өзіне енгізіп үлгерген брендтер бар. Айталық, Lululemon, Patagonia, Dr. Martins секілді алпауыт компаниялар тұтынушыларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін біртіндеп сіңіріп келеді. Атап айтқанда, өздерінің немесе серіктестерінің сервистері арқылы киімді қайта сата бастады. Мысалы, Farfetch сынды премиум маркалы киімдер сататын интернет-дүкен қайта сатуға арналған B2B Luxclusif деген технологиялық платформаны сатып алуды жоспарлап отыр деген жаңалық шықты. Ал Amazon маркетплейсі болса, ұсталған люкс бренд сөмкелерді сататын What Goes Around Comes Around реселлерімен бірге жұмыс істейді. Киімді жөнсіз ала бермей, табиғатты аялауды үйрету трендін «қағып алғандар» қатарында H&M, Zalando және Uniqlo дүкендері де бар.
- Брендтің ұстанымы, құндылығы маңызды рөл ойнайды. Брендтер мен сатып алушылар арасындағы байланыс жыл өткен сайын тығыз бола түседі. Тіпті алдағы жылдары жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін. Өйткені тұтынушыларға брендтердің ұстанымы, көзқарасы аса маңызды. Қандай механизмдерді қолданатыны да назардан тыс қалмайды. Әсіресе, принципті берік ұстану, экологиялық мәселелерді маңызы тіпті артады. Қазір сатып алушылар өте сауатты. Алмас бұрын жақсылап ойланып, сосын барып шешім қабылдайды. Егер әлдебір қателік жасаса, кешірмей қоюы да мүмкін. Сол жағынан алғанда брендтерге барынша сақ болу керек. Қазір тұтынушының сенімінен айырылу әп-сәтте. Жылдар бойы қасықтап жинаған абырой бір сәтте шелектеп төгіліп қалуы мүмкін. 2021 жылы McKinsey жүргізген зерттеуде сауалнама қатысушыларының төрттен бірі тұрақты даму принциптеріне баса мән беретінін айтқан. Үндістанда жүргізілген зерттеуде тұтынушылардың 94 пайызы «әдептен озбайтын» өнімдер қымбат тұрса да сатып алуға әзір екенін білдірген. Қытайлық жастар болса, ast-fashion категориясынан шама келсе зат алмауға тырысады екен.
- Кооперация һәм ашықтық. Қазір климат өзгеруіне қатысты мәселе күйіп тұр. Брендтер осы бағытта ұстанса, өзіне көп тұтынушы тарта алады. Егер сән индустриясына тұрақты экологиялық стандартты бірлесіп жасаса, беделі артады. Соның ішінде осы 2023 жылы саяси дискурс аясында, экологиялық қауіпсіздікке басымдық беріп, сән саласының көшбасшылары ұпайын түгендеп ала алады. Жаңа норматив пен принцип бекітуге қатысса болады. Түйткілді индустрия өкілдері саясаткерлермен және салалық орган қызметкерлерімен бірлесіп шешсе болады.
Жалпы алғанда нарықтың көшін бастау үшін өзгерістен қорықпай, шынайы әрі ашық әрекет етуге даяр болу керек. Өйткені әлем табан астында өзгеріп сала береді. Тұтынушыларға деген қамқорлық, олардың үнін есту, өзінің адалдық бағдарламасын бүге-шүгесіне дейін дұрыс жасау маңызды. Олай болса, биыл осы сән яки сұлулық саласында бизнес ашу идеясы қаншалықты табысты болуы мүмкін — соған қысқаша тоқталайық.
Биыл бьюти салада бизнес ашудың қажеті бар ма?
Алдымен, сұлулық саласында қай кезде де сұраныс жоғары екенін атап өту керек. Яғни бұған дейін қалай жыл сайын салон саны көбейіп, ашылып келген болса, 2023 жылы да сол тенденция сақталады. Бірақ енді бастағандарға қандай кеңес беруге болады? Көбіне стартап ретінде қарастырғанда шағын, 1-2 мастерден тұратын студиялар сәнде болады. Мынадай бірнеше идеяны қарап көріңіз:
- Шаш қиятын, шаш үлгісін жасайтын салон;
- Нейл-студия;
- Барбершоп;
- Броубар;
- Шашқа реконструкция жасайтын студия;
- Массаж салоны;
Егер бьюти-индустрияға еніп, соның ішінде сұлулық салонын ашу ойыңызда болса, онда сізге бұл нишаны жақсы түсініп, бәсекелестерді мықтылап зерттеу керек. Көзді жұмып кірісіп кетпеңіз. Алдымен анализ жасаңыз. Атап айтқанда:
- Бәсекелестерді зерттеңіз;
- Таргет аудиторияңыздың бейнесін жасаңыз;
- Көрсететін қызметтер тізімін нақтылаңыз;
- Локация мен ғимарат таңдаңыз да, жөндеу жұмысын істеңіз;
- Қажет жиһаз бен жабдықтарды алыңыз;
- Команда жасақтаңыз;
- Маркетиң стратегиясын жасап, салонды қалай дамытатыныңызды жоспарларыңыз;
- Сайт не желідегі парақшасын әзірлеңіз;
- Сізге жазылу оңай болатындай қамданыңыз.