Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банкроттық рәсімдейтін оператор емес

Жарияланды
Қаржы нарыған реттеу және дамыту аенттігі банкроттыққа өтініш қабылдамайды. Фото: shutterstock.com

2023 жылғы 3 наурыздан жеке тұлғалардың банкроттығына өтінімдер қабылдана бастады. Өтінішті жеке тұлға өзі береді. Осы ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банкроттықты рәсімдейтін оператор емес екенін мәлімдейді.

«ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі оператор емес және бұл мәселе бойынша өтінімдер мен азаматтарды жеке қабылдамайды», делінген агенттік таратқан ақпаратта.

2022 жылы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойылды. Заңда 3 түрлі рәсім көзделген.

Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық.

Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

Ол үшін келесі шарттар сақталуы қажет:

  • Борыш 5,5 млн теңгеден аспайды;
  • Кредит 12 ай бойы өтелмеген болса;
  • Меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;
  • Банкпен реттеу жүргізілгеннен кейін.

Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін
6 ай ішінде және берешегі 5 жылдан артық өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар көзделген.

Өтінішті «электронды үкімет порталы» арқылы беруге болады. Ақпараттық жүйе арқылы борышкердің тиісті критерийлерге сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі.

Екінші рәсім – сот банкроттығы.

Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Бұл рәсімді қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді.

Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігі көзделеді. Оның артықшылығы – азамат «банкрот» деп саналмайды. Демек, банкрот үшін көзделген салдарлар оған қолданылмайды.

Банкроттық рәсімін қолдану бойынша қосымша ақпарат алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ-тың байланыс орталығына 1414 (қосымша нөмірі 3) нөмірі арқылы не https://t.me/SalyqBot тelegram-чатына жүгінуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз