Жаңалықтар

Ресейде кедейлік шегінен төмен табысы бар 15,3 млн адам тұрады

 2022 жылы кедейлік шегінен төмен табысы бар ресейліктер саны 15,3 миллион адамды немесе ел халқының 10,5% құрады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Ресей мемлекеттік статистика қызметінің сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 2021 жылмен салыстырғанда әлеуметтік жағдайы төмен халық саны 0,7 миллион адамға – 16 миллионнан 15,3 миллионға дейін азайды.

2022 жылға кедейлік шегі 13 545 рубльді (80 745 теңге) құрады.

Статистика қызметінің мәліметіне сәйкес, өткен жылы халықтың ақшалай табысы 79,1 трлн рубльді құрап, бір жылда 12,2% артқан. Ал халықтың жан басына шаққандағы орташа номиналды табысы 12,4% көбейген. 2022 жылы номиналды мәнде орташа айлық жалақы 64 191 рубльді (382 660 теңге) құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 12,6% көтерілген.

Бұл ретте, Статистика қызметі 2022 жылдың алғашқы үш тоқсанында халықтың нақты ақшалай табысы төмендегенін, тек төртінші тоқсанда ол аздап көтерілгенін атап өтеді. Жалпы 2022 жылы нақты ақшалай табыс 2021 жылмен салыстырғанда 1,4% төмендеді. Ал нақты қолда бар ақшалай табыс 1% азайды. Ресей Статистика қызметі атаған себептер арасында жоғары инфляция, сондай-ақ пандемиядан кейін көптеген салада қалпына келу процесі басталған 2021 жылы тіркелген жоғары база эффектісі бар.