АҚШ пен Еуропадағы банк дағдарысы теңге бағамына ықпал етті

Жарияланды
Фото: kursiv.media

АҚШ пен Еуропадағы банк саласындағы қиындықтар еліміздегі валюта нарығына да ықпал етті. Ұлттық банк валюта нарығы бойынша ақпараттық хабарлама жариялады.

«Наурыздың 10-12-сі күндері АҚШ-тың технологиялық секторға қызмет көрсететін екі банкі: Silicon Valley Bank пен Signature Bank жабылатыны туралы ақпарат шықты. Әлемнің қаржы нарығында құбылмалылық өршіп, АҚШ пен Еуроаймақтағы банк секторына қатысты инвесторлардың алаңдаушылықтан туындаған тәуекелге қызығушылығының төмендегені байқалып отыр» делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, АҚШ-тағы жергілікті дағдарыстың Еуроаймақтағы банктерге әсер ету тәуекелдері Credit Suisse атты Швейцария банкінің акция құнын төмендетті. Швейцарияның орталық банкі нарықтағы сенімді қалпына келтіру үшін банкке шұғыл өтімділік беру туралы шешім қабылдады.

«Соңғы күндері әлемде болып жатқан осы тектес оқиғалар ішкі валюта нарығына да әсер етіп отыр. АҚШ доллары айтарлықтай құбылып, ұлттық валютаның әлсірей бастағаны сезілді. Бұл мұнай бағасының барреліне 73-74 доллар деңгейіне дейін төмендеуімен қиындай түсті. Әйтсе де, АҚШ пен Еуроаймақ банктеріндегі жергілікті дағдарыстардың Қазақстанның қаржы нарығына ықпалы шектеулі. Сақталған профицитті ескергенде, банк жүйесіндегі өтімділік жеткілікті», делінген хабарламада.

Ұлттық Банк валюта нарығындағы өтімділікті сақтау және айырбастау бағамының күрт ауытқуын реттеу үшін валюталық интервенциялар жүргізу құқығын сақтайтынын ескертеді.

Бұл, қаржы реттеушісі теңгенің ақылға қонымды құбылмалылығын шектемей, бағам белгілеудегі нарық тетіктерін қолдайды дегенді білдіреді. Ақпаратқа сәйкес, Қажет болған жағдайда интервенциялар жүргізіледі және тиісті ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланады.

Сондай-ақ оқыңыз