Біраздан бері сеңдей сіресіп тұрған утильалым мөлшері былтыр екі есе төмендетілген. Тиісті қаулы 2022 жылдың 3 мамырында жарияланып, 14 мамырда күшіне енді. Халық бұл төмендетуге де риза бола қойған жоқ. Өйткені ставканы екі есе түсірудің өзі жағдайды жеңілдетпеді. Ел тұрғындары утиль алым мөлшерін 100-200 мың теңге көлемінде белгілеуді, тіпті түбегейлі алып тастауды талап етті.
Қазір ішкі авто нарықтағы жағдайды жақсы деуге келе қоймайды. Автопарк негізінен ескірген. Ал халықтың жаңа әрі сапалы көлік сатып алуға жағдайы жар бермейді. Сондықтан көбі қымбат бағаға орта деңгейлі көліктерді несиемен рәсімдеуге мәжбүр. 2022 жылдың 12 айында ішкі нарықта 159,8 мың жеңіл автомобиль сатылған. Бұл алдыңғы жылғыдан 8,4 пайызға көп. 10,2 мың көлік экспортқа жіберілген. Сырттан 66,6 мың автомобиль сатып алынған.
Заңнамаға енгізілген өзгерістен кейінгі ахуал жақсарып кетпеген. Нарықтағы қазақстандық автокөліктер үлесі – 61 пайыз деңгейінде (бұған дейін де солай болған). Ал өндіріс өсімі жеделдеген: 2022 жылдың қаңтар-сәуірінің қорытындысы бойынша өндіріс деңгейі – 19,2 пайыз. Мамыр – желтоқсан қорытындысы бойынша – 31,6 пайыз.
Жалпы, утиль алым және сол сияқты кез келген алым салықтың бірегей мақсаты – біріншіден экологиялық қауіпсіздікті сақтау болса, екіншіден – жергілікті өндірісті қолдау. EnergyProm сарапшыларының айтуынша, утиль алымның айтарлықтай төмендетілуі автопаркті жаңартуға керемет әсерін тигізбейді.
«Былтыр утиль алым мөлшері қысқартылған көктемнен мамырға дейінгі аралықта автопарктегі негізгі өзгеріс жаңа көліктердің (шыққанына 3 жылдан аспаған) 22,2 мыңға көбеюі есебінен орын алды. Сөйтіп олардың жалпы саны 291,7 мың көлікке жетті. Ал мамырдан желтоқсанға дейін автопарк тағы 86 мың автомен толықты. Алайда соның ішіндегі жаңа көлік саны – небәрі 28,2 мың. Тағы 33,7 мыңы – шыққанына 10 жылдан асып кеткен көліктер, 22,8 мыңы – жүрілгеніне 20 жыл болған көліктер. Утиль алымның төмендетілгеніне қарамастан Қазақстан автоөнеркәсібі өзін тәп-тәуір көрсетті. Қаңтардан 2022 жылдың 1 мамырына дейінгі аралықта шығарылған автотранспорт құралының жалпы саны – 30,7 мың. Былтыр 26 мың болған еді (+18 пайыз). Және тікелей жеңіл автокөліктер – 27,3 мың, бір жыл бұрынғы 22,9 мыңға қарсы (+ 19,2 пайыз)», делінеді зерттеуде.
Мамырдың басынан желтоқсанға дейін автотранспорт құралдарының өндірісі 83,2 мың бірлікке жетті. Былтыр 67,5 мың болған (+ 23,3 пайыз). Ал жеңіл көліктер – 76 мың бірлік (2021 жылы – 57,8 мың).
«Осылайша, жергілікті автоөндіруші компаниялар өзін жақсы қырынан көрсете алып жатыр. Енді 10 көліктің 7-еуі ескі деп айта алмаймыз», деп жазады EnergyProm.
Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашеваның айтуынша, бізде утиль алым бірінші кезекте өндірушілердің өзі үшін керек. Оның сөзінше, қазір елімізде 3,8 млн автомобиль бар болса, соның 2,8 миллионы – жүрілгеніне 10 жылдан асқан ескі көліктер.
Қауымдастық мәліметі бойынша, биыл ақпан айында елімізде жалпы құны 130,2 млрд теңге болатын 10 430 автомобиль құрастырылды. Жеңіл автомобилдерді және коммерциялық техниканы шығару бойынша кәсіпорындардың жалпы машина құрастыру саласындағы үлесі 46,7 пайызға жеткен. Бұл сала біртіндеп елдегі машина құрастырудың драйверіне айналып, нақты сектор ретінде таныла бастады.