Фото:.kursiv.media
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» Басқарма төрағасы ауысты. Алмасадам Сәтқалиевтің орнына Нұрлан Жақыпов келді. Премьер-министр баспасөз қызметінінің хабарлауынша, Әлихан Смайылов ұжымға жаңа басшыны өзі таныстырған.
Премьер-министр қор алдында инвестиция тарту, энергетикалық кешенді дамыту, республиканың инфрақұрылымдық, көлік-логистикалық және индустриялық дамуын қамтамасыз ету бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын атап өткен. Сонымен қатар қор отандық тауар өндірушілерге белсенді түрде қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай жасауға тиіс.
«Әрбір еншілес компания мен холдинг жұмысының басым бағыттары және KPI айқындалған, перспективалы міндеттер түсінікті. Қор – біздің елімізде үлкен активтерді басқаратын өте маңызды құрылым. Қордың тиімді жұмысына көп мәселе, әсіресе, бүкіл экономикаға және еліміздің одан әрі дамуына әсер ететін ірі жобалар байланысты болып отыр», — деді Әлихан Смайылов.
Кейінгі екі жылда қорды Алмасадам Сәтқалиев басқарған.
Айта кетейік ,бүгін Президент әкімшілігінің басшысы ауысты. Президент бұл қызметке Антикорды басқарған Олжас Бектеновты отырғызды. Сонымен қатар 3 министрліктің басшылары тағайындалды.