Үкіметте тау-кен металлургия кешені мен газ саласын дамыту шаралары қаралды, деп хабарлайды Премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Кеңеске қатысушылар:
- перспективалы газ және газ конденсаты кен орындарын игеру;
- өнеркәсіптік кәсіпорындарды отынмен қамтамасыз ету шаралары;
- шикізатты тасымалдау үшін теміржол инфрақұрылымын дамыту және басқа да бірқатар өзекті мәселелерді қараған.
Сонымен қатар кеңесте қыс мезгілінде халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
Премьер-Министр өткен жылыту маусымындағы тәжірибені ескере отырып, цифрлық шешімдерді пайдалану арқылы отынды сатудың ашық нарықтық механизмін әзірлеу қажетін айтты. Бұл тәсіл сауда-саттықты реттеуге, көмірді тұтынушылар арасында біркелкі бөлуді қамтамасыз етуге және сұраныс артқан кезеңде бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермейді.
Кеңеске орталық мемлекеттік органдардың, «Қазақстан темір жолы» және «QazaqGaz» ұлттық компанияларының, сондай-ақ ERG компаниясының басшылары қатысқан.
Қазақстанның газ қоры Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған және Жаңажол сияқты төрт ірі кен орнында шоғырланған. Ондағы газдың жалпы көлемі – 2,7 триллион текше метр.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 21 миллиард текше метр газ пайдаланылған, 5 миллиард текше метр газ экспортталған.
Қазір елімізде өндірілетін газ қоры 3,8 триллион текше метрге тең. QazaqGaz Басқарма төрағасының орынбасары Арман Қасенов еліміздегі газ қоры 100 жылдан астам уақытқа жетеді деп мәлімдеген.
Сонымен қатар, QazaqGaz сайтында жариялаған мәліметке сүйенсек, ресурстқы базаны кеңейту үшін «Газ кен орындарының Амангелді тобын игеру» және «Қарағанды көмір бассейнінің көмір қабатының метанын өндіру инвестициялық жобалары қолға алынған.