Фото: Асқар Ахметуллин
Қазақстанда жаңа екі банк пайда болуы мүмкін. Олар екі микроқаржы ұйымының негізінде ашылмақ. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп жазады Власть.
«Қазір микроқаржы ұйымдарының екінші деңгейлі банктерге айналуын күтіп отырмыз. Екінші деңгейлі банктерге айналуға ниет білдірген екі ірі микроқаржы ұйымы бар: KMF пен Solva. Олардың портфелі бар, капиталдың жеткіліктілік деңгейі олардың банкке айналуына мүмкіндік береді», деді Әбілқасымова.
Ол былтыр заңнамаға микроқаржы ұйымына лицензиядан бас тартпай конверсиялауға мүмкіндік беретін тиісті түзетулер қабылданғанын еске салды. Сонымен қатар, агенттік жаңа банктер ашу талаптарын ырықтандыруға бағытталған банк жүйесі туралы заңнамаға бірқатар түзетулер дайындаған. Бұл түзетулер қабылданғаннан кейін Әбілқасымова қазақстандық нарықта екінші деңгейлі банктер ашқысы келетіндердің қатар артады деп үміттенеді.
Қазіргі кезде еліміздің қаржы нарығында 21 екінші деңгейлі банк бар.
Қазақстандық банктердің активі 2022 жылы басынан бері 14,4 пайызға өссе, несие портфелі биыл 1 наурызда 24,3 трлн теңгеге жеткен.
Сонымен қатар агенттік басшысы банктерге мемлекет қолдауын есепке алмай, тек таза пайдадан дивиденд төлеуге рұқсат етілетінін айтты.
«Қазіргі таңда агенттік банктердің балансында мемлекеттік қолдау болса, олардың дивиденд төлеу шарттарын айқындайтын қаулы жобасын дайындады. Бұл құжат бұрын-соңды көрсетіліп келген мемлекеттік қолдаудың барлық түрін қарастырады. Банктердің мемлекеттік қолдаудан алатын бүкіл пайдасы банк кірісінен толығымен шегерілуге тиіс. Мұны тәуелсіз аудитор растауы керек. Ал банктің мемлекет қаражатын пайдаланбай тапқан пайдасы ғана банк дивидендті түрінде төленуі мүмкін», деп түсіндірді ол.
Бұл түзетулер сәуір айының аяғына дейін қабылдануы мүмкін.