Фото: kursiv.media
Бүгінгі күні жеке тұлғаның банкроттығына 49 мың азамат өтініш берген. Оның 32 мыңы қабылданбаған. Ал 6 мың өтініш қаралып жатыр. Бұл жайлы ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
«Бізге 49 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның 32 мыңнан астамы кері қайтарылып, 6 мың өтініш қабылданып, сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Алты ай ішінде олар банкрот деп танылады. Ал кейбір өтініштер әлі де қаралу үстінде, оларды 15 күнтізбелік күн ішінде қарастырып, шешім шығарамыз», – деді Біржанов Сенат кулуарында.
Өтініші кері қайтарылған жеке тұлғалардың қарызы шекті сомадан (1600 АЕК) асып кеткен немесе өтініш берушілердің бірнеше несиесі бар болып шыққан.
«Одан басқа, өтініш берушінің мүлкі, жер телімдері, көліктері болған жағдайлар көп кездесті. Өтініш берушілердің 70%-да осындай себептер бар. Бұл қалыпты жағдай, басқа елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, 70 пайызынан бас тартатынымызды шамамен бағдарлағанбыз. Алайда бұл жеке тұлғаның банкроттық туралы өтініш беруге мүмкіндігі болмайды дегенді білдірмейді. Үш айдан кейін өтініші қабылданбаған азаматтар қайта өтініш бере алады», – деді министрлік өкілі.
Банкроттыққа өтініш қабылдау наурыз айының 3-нен бері жүргізіліп келеді. Азаматтардың өтініші eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қабылдана бастаған.
Вице-министр осыған дейін бұл жағдайды өз мақсатына пайдаланып, «құжат рәсімдеуге көмек береміз» деп алдайтын алаяқтардың да бар екенін айтқан болатын. Сондықтан да барлық ақпаратты 1414 ресми сервисінен сұраған абзал.