Жаңалықтар

Қазақстан мен Сингапур арасында тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін

Фото: kursiv.media

Қазақстан мен Сингапур арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі тақыланып жатыр. Ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейс санын көбейту мақсатында Қазақстан мен Сингапурдың авиациялық билік органдары келіссөз жүргізген. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Келіссөз барысында қазақстандық тарап тікелей рейстер ашуға қызығушылық білдірді. Сингапурлық авиакомпанияларға Қазақстандағы «ашық аспан» режимін, оның ішінде ауа бостандығының «бесінші дәрежесі» құқығын пайдалану ұсынылды. Сингапурлық тарап «ашық аспан» режимін құптап, бұл ұсыныс сингапурлық авиакомпаниялармен пысықталатынын хабарлаған.

Тараптар 2023 жылғы шілдеде сингапурлық авиакомпаниялар мен «Сингапур-Чанги» әуежайының қатысуымен өтетін кездесу шеңберінде әуе қатынасын ашу мәселелерін талқылауды жалғастыратынына келісті.

Бұған дейін Египеттің авиациялық билік орындарымен бірлесіп «Air Cairo» египеттік әуе компаниясының Қазақстанға тұрақты жолаушылар рейсін ашу мәселесі пысықталған еді. «Air Cairo» әуекомпаниясы 2023 жылғы 13 наурыздан Астана – Шарм-эль-Шейх бағыттары бойынша аптасына 2 рейс жиілігімен (дүйсенбі және жұма) және Алматы – Шарм-эль-Шейх бағытында аптасына 2 рейс тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастайтыны хабарланған.

Сонымен қатар Оманның «Salam Air» әуе компаниясы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап аптасына екі рет Маскат-Алматы бағыты бойынша тікелей рейс ашпақ. А–320neo және А-321neo типті әуе кемелері бейсенбі мен жексенбі күндері екі қала арасында тұрақты қатынайтын болды.