Қытай сайттарындағы «Қазақстанда жер сатылады» деген жарнама арандатушылық болуы мүмкін. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Иә, бұл жарнаманы біз де көрдік. Қытай тарапынан, Бейжіңдегі Елшіміз сол елдің Сыртқы істер министрлігіне жедел жеткізді. Біз де Қытай Елшілігіне хабарладық. Бұл хабарлама біздің «ОLХ» сияқты сайтында жарияланған екен. Модерациядан қалай өткенін білмедім. Соны қазір қытай тарапы тексеріп, болашақта мұндай жайтты болдырмауға келісім берді», – деді Айбек Смадияров ведомствода өткен апталық брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Айбек Смадияров бұл ақпараттың жалған екенін баса айтты.
«Телефонмен хабарласып көрдік. Ешкім алмайды, телефон сөндірулі. Өзіңіз айтқандай провокация да болуы мүмкін», – дейді ол.