Жаңалықтар

Қайрат Сатыбалдының ісі бойынша БАӘ-ден елімізге 14 миллион доллар қайтарылды

Фото: kursiv.media

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шаралары аясында елден заңсыз шығарылған активтерді қайтарды, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз орталығы.

«Ағымдағы жылдың мамыр айының соңына қарай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ететін Бас прокуратурамен бірлесіп, Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы сомасы 14 млн АҚШ долларын қайтарды», делінген хабарламада.

Қайтарылған қаражат мемлекет кірісіне беріліп, әлеуметтік мақсаттарда пайдаланылады.

Жалпы, қылмыстық қудалау басталғаннан бері заңсыз сатып алынған Қ.Сатыбалдыұлы және онымен байланысты тұлғалардың 464 млрд теңгеден астам соманы құрайтын мүліктік активтері мен ақшалай қаражаттары мемлекетке қайтарылған.

Оларға әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, сәнді көліктер, қолма-қол ақша, акциялар мен компаниялардың үлестері, сондай-ақ теміржол да кіреді.

Заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Мәжіліс депутаттары «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасын қарап жатыр. Жобаға сәйкес, Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылатын болады, ол осы саладағы уәкілетті органның функцияларын орындайтын болады.