Жаңалықтар

Қытайдың Sinosure компаниясы ҚДБ жобаларын сақтандыратын болды

Қытайдың Sinosure компаниясы ҚДБ жобаларын сақтандыратын болды. «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен Қытай экспортты және кредиттерді сақтандыру корпорациясы (SINOSURE) ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Бұл туралы банк баспасөз қызметі хабарлайды.

SINOSURE өз тарапынан сақтандыру полистерін, шетелдік инвестицияларды сақтандыру полистерін және Қытай кәсіпорындары қатысатын экспорт және жобалар бойынша ҚДБ-мен ынтымақтастықта кепілдіктерді қоса алғанда, қолдау көрсетуге дайын.

ҚДБ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, бұл ынтымақтастық Қытайдан келген компания және инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік ашады.

«SINOSURE жоғары деңгейлі сақтандыру бізге тиімді шарттармен өңдеу өнеркәсібінің жобаларына шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді»,– деді ол.

ҚДБ мен SINOSURE бұған дейін де бірлесе жұмыс істеген. Компаниялар Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру жөніндегі жобаны іске асыруға қатысты.

Sinosure-дің Қазақстанға сапары және қол жеткізілген уағдаластықтар – Президенттің ҚХР-ға сапары нәтижесі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары барысында бірқатар құжаттарға қол қойылған.

Бүған дейін «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Чехияның екі қаржы институтымен ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойғаны хабарланған.