Фото: kursiv.media
Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді және олардың саны 6,6 миллионға жеткен. Бұл жайлы Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан айтты.
Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Елімізде балалық шақты қорғаудың ұлттық заңнамалық базасы қалыптастырылған. Атап айтқанда, республикада балалардың құқықтарын қорғауға арналған 15 халықаралық құжат, 4 кодекс және 15 заң жұмыс істейді.
«Балалар саны тұрақты өсу үрдісіне ие. Жыл сайын 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Қазақстан халқының үштен бірінен астамын құрайды – 6,6 млн бала. 10 жыл ішінде мектепке дейінгі ұйымдар желісі 3 670 бірлікке, олардағы балалардың саны – 263 мыңға ұлғайды. Соңғы 3 жылда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың саны 21 ұйымға азайды», – дейді Еділ Оспан.
Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник балалар денсаулығын сақтауда профилактикаға баса назар аударылатынын айтты. Сол мақсатта жастар денсаулық орталықтары құрылып, олардың саны бүгінгі күні 200-ге жеткен. Бұл мекемелерде емдеу-диагностикалық және психологиялық бағыт бойынша кеңес беріледі. Сонымен қатар жастарға әлеуметтік көмек көрсетіліп, салауатты өмір салтын жүргізу, отбасын жоспарлау, қалаусыз жүктіліктің және суицидтің алдын алу бойынша қызметтер ұсынылады.