Жаңалықтар

Мемлекеттік комиссия қорытындысы: МАЭК-те апат қаупі жоғары, әбден тозығы жеткен

Фото: Үкімет

МАЭК-тег апаттың себебі анықталды. Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Батыс аймағының электр желісін күшейту жұмыстары созылып кеткен. Бұл жайлы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында айтылды.

Мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы 6-9 шілде аралығында Маңғыстау және Атырау облыстарына барып, нәтижесінде 3 шілдеде орын алған оқиғалар тізбегі толығымен қалпына келтірілген. Нәтижесінде:

«Орын алған жағдай Батыс өңірдің энергожүйесіндегі теңгерімді болжау және жөндеу схемаларын жоспарлаудағы кемшіліктердің барын айғақтайды. ҚР Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Батыс аймағының электр желісін күшейту жобасын іске асыру созылып кеткен. Атырау және Маңғыстау облыстарындағы өңірлік стансаларда, бірінші кезекте МАЭК-те апат қаупі жоғары екендігі анықталып отыр. Станса жабдықтарының әбден тозығы жеткен», деген қорытындыға келген.

Сонымен қатар Батыс өңірдің энергожүйесінің жай-күйіне жан-жақты талдау жасалып, АМӨЗ-ді электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі бөлек қаралған.

Оған қоса «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің жаңа бу-газ жылу стансасының жұмысына қатысты мәселелер анықталған. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытының сыртқы электрмен жабдықтау схемасында айтарлықтай ақаулар бар болып шыққан.

Орын алған апаттар шеңберінде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы уақытта осындай жағдайларды болдырмау үшін бірқатар жүйелі проблемаларды шешу жоспары әзірленген. Комиссия шешімі бойынша МАЭК жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өтеді. БЭЖ-дің Батыс аймағының электр желісі күшейтіліп, АМӨЗ-де қуаттылығы жоғары жеке энергия көзі салынады. Сонымен бірге Батыс аймақты ҚР БЭЖ-мен байланыстырылады.

Жиында Премьер-Министр орын алған апаттардың мән-жайын толық анықтау бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды және келешекте олардың алдын алу шараларын іске асыруды егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.

Естеріңізге сала кетсек, 3 шілде күні Атырау мұнай өңдеу зауыты апатты жағдайға байланысты тоқтады. Оның тоқтауына МАЭК-тегі апат себеп болды. МАЭК-тегі апат сонымен бірге Батыстағы бірнеше маңызды нысандардың жұмысының тоқтауына алып келген. Сейсенбі күні Үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов бірқатар станциялар мен мұнай ұңғымалары да істен шыққанын мәлімдеді.