Екібастұз ЖЭО-дағы екі энергетикалық қазандықтағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазандықтарды жөндеу жұмыстары қанша уақыт жалғасады? 20 қыркүйекке қарай тағы үш қазандық агрегатын тапсыру жоспарлануда. Жылу беру маусымының басына дейін бес қазандық дайын болады. Бұл 30-32 градустан төмен температурада жұмыс істеу үшін жеткілікті. Тағы екі қазандықтағы (11, 15) жөндеу жұмыстарының 60%-дан астамы орындалды.
Жылу желілерінің дайындығы қай деңгейде? Мердігер ұйымдар 2, 5, 8 және 12 жылу магистральдарындағы жұмыстарды аяқтап келеді. Ал, кейбір учаскелерде қалпына келтіру жұмыстары енді басталды. Желілердегі барлық жұмыстар, соның ішінде, жаңа желілерді жуу және толтыру 22 қыркүйекке қарай аяқталады деп жоспарлануда.
Ақаудың ауқымы қаншалықты? Гидравликалық сынақтардың қорытындысы бойынша 119 ақау анықталған. Қазір соның 96-сы жойылды. Қалған жұмыстар 20 қыркүйекке дейін аяқталады.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің мәліметінше, қаладағы жылу желілерінің 90%-ы тозған, оларды жаңарту үшін жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізу керек.
Еске саламыз, Екібастұз қаласын жылумен қамтитын «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-да болған апат салдарынан қала 2022 жылдың 27 қарашасынан бастап, бірнеше күн бойы қала тұрғындары жылусыз қалған болатын. Апат салдарын жою және жылумен жабдықтауды қалпына келтіру үшін қалаға коммуналдық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмыскерлері, оның ішінде еліміздің басқа өңірлерінен де мамандар жіберілді. Апатты жоюға қатысқан жұмысшылардың тамақтануына, тұруына және жанар-жағармай үшін Екібастұз қаласы бюджетінен 22 171 000 теңге бөлінді.
27 маусым күні Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Екібастұз жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделгенін мәлім еткен еді.