Фото: primeminister.kz
Президент жарлығымен Ерлан Нысанбаев Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды. Экология министрлігін бұған дейін Зульфия Сүлейменова басқарған болатын.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Нұралыұлы Нысанбаев Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды», делінген хабарламада.
Зульфия Сүлейменова министр болып 2023 жылдың басында ғана тағайындалған еді. Ол министр креслосында 8 ай ғана отырды. Шығыс Қазақстан облысындағы алапат өрт кезінде министр үлкен сынға қалды.
Нысанбаев деген кім?
1961 жылы дүниеге келен Ерлан Нысанбаев Алматы облысының тумасы. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Ең соңғы ресми қызметі Астана қаласы әкімінің кеңесшісі болған.
Ұзақ жылдар орман шаруашылығы және ауыл шаруашылығында қызмет етіп, әр жылдары түрлі фирмаларды басқарған.
2009-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
Ал 2013-2014 жылдары Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі болса, 2014-2019 жылдары Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары лауазымын атқарған. 2019-2021 жылдары Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі болған.
1 қыркүйекте Президент жарлығымен 5 министрлік құрылған болатын. Осылайша елімізде жаңадан Су ресурстары және ирригация министрлігі, Көлік министрлігі, Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі пайда болды.
Ермек Маржықпаев Туризм және спорт министрі лауазымына тағайындалса, Мәдениет және ақпарат министрлігін Аида Балаева басқарады. Көлік саласының тізгінін бұрынғы ИИДМ басшысы Марат Қарабаев алды.
Президент жаңадан құрылған Су министрлігін басқаруды Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовке тапсырған еді.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы СҚО әкімі Айдарбек Сапаровты Ауыл шаруашылығы министрі етіп тағайындады.
4 қыркүйек Ұлттық банктің басшысы да ауысып, Ғалымжан Пірматовтың орнына Тимур Сүлейменов келді.