Ұлытау облысы Қаражал қаласындағы «АрселорМитталға» тиесілі «Өркен» ЖШС кенішінде тағы бір жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
«Өркен» ЖШС-нің шахтасында апат болды. 1984 жылы туған кенші қаза тапты. Арнайы комиссия құрылды, іс тергелуде», делінген хабарламада.
Компания төтенше жағдайдың себебін атамаған.
«Өркен» ЖШС – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның темір кені бойынша департаменті. Бұл кеніш кешеніне Қазақстанның төрт кәсіпорны кіреді. Олар – «Өркен» ЖШС Лисаков филиалы, «Өркен-Кеңтөбе», «Өркен-Атансор» және «Өркен-Атасу» филиалдары бар.
Бұл компания Лисаковск, Кеңтөбе, Атасу, Атансор кен орындарынан темір рудасын өндірумен, өңдеу және байытумен айналысады. Ал кейін өңделген темір концентратын негізгі тұтынушы – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на жеткізеді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Қазақстанда 15 көмір және темір рудалары бар.
Бұл «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында адам өліміне әкелген бірінші оқиға емес. 17 тамызда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шығып, салдарынан 5 кенші опат болды.
Қарағанда облысының әкімдігі апат салдарынан қайтыс болған төрт кеншінің аты-жөнін жариялады.
17 тамызда тұтанған өрт әлі сөнген жоқ. ТЖМ өрт салдарымен әлі де күресіп жатыр. Өрт сөндірушілер өртті тоқтату үшін гипстен жасалған бөгеттер салды. «Қазақстан» шахтасындағы өрт салдарынан болған топтық апатты тергеу жөніндегі Үкімет комиссиясының жұмысы әлі де жалғасуда.