Жаңалықтар

Инфляция 6 айдан бері төмендеп келеді – Ұлттық банк басшысы

Фото: kursiv.media

Жақында ғана Ұлттық банк басшысы болып тағайындалған Тимур Сүлейменов Үкіметте бас банкир ретіндегі алғашқы баяндамасын жасады. Оның айтуынша, елімізде 6 айдан бері инфляция төмендеп келеді. Алайда тамыз айында аздап жеделдеген.

«Алты ай ішінде жылдық инфляция төмендеп келеді. Оның қазіргі деңгейі–13,1%. Жылдық инфляциядағы азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын компоненттің үлесі азайып, ақылы қызметтер инфляциясының үлесі ұлғаюда»,- деді ҰБ басшысы.

Сүлейменовтың айтуынша, азық-түлік инфляциясы тамақ өнімдерін өндірушілердің және ауыл шаруышылығындағы бағаның төмендеуіне байланысты, 12,4%-ке дейін баяулаған.

2022 жылы Қазақстанда жылдық инфляция қатты көтеріліп, 20 пайыздан асқаны белгілі. Жыл басында Үкімет басшысы биыл инфляцияны екі есе төмендетуді тапсырған болатын.

Тамызда Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі 49,9 белгісін құрап, нейтралды деңгейде қалыптасқан.

Ұлттық банк алтын-валюта резервінің көлемі қанша?

Жалпы халықаралық резервтер тамыз айының соңында 93,5 млрд долларды құраған.

Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан 33,6 млрд долларға дейін, яғни 4,3%-ке төмендеді.

«Бұл мемлекеттік борышты төлеу мақсатында Үкіметтің валюта шоттарындағы қаражатты конвертациялауға байланысты. Сонымен қатар салымдардың долларсыздандыру деңгейінің артуы аясында Ұлттық Банктің валюталық шоттарындағы екінші деңгейлі банктер қаражатының азаюы да әсер етті», – деп атап өтті.

Ұлттық қордың активтері жыл басынан 7,5%-ке, яғни 4,2 млрд долларға өсіп, жалпы көлемі 59,9 млрд долларға жеткен. Негізгі өсім жыл басынан 6,1%-ті немесе 3,4 млрд долларды құраған инвестициялық табыс есебінен қалыптасқан.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінген трансферттер 2,9 трлн теңгені құрады. Трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордың валюталық активтері 4,9 млрд долларға сатылды. Қорға жыл басынан 3,3 трлн теңг түсім түскен.