Жаңалықтар

Жақында SPO-ға шығатын KEGOC жария акцияларының санын 275,2 миллионға жеткізді

Фото: kursiv.media

«KEGOC» АҚ компаниясы жария акцияларының санын 15,2 миллионға көбейтіп, 275,2 миллионға жеткізді. Бұл шешім АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданған.

«2023 жылғы 15 қыркүйекте сағат 11:30-да «KEGOC» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өтті. Жиында Компанияның жарияланған акцияларының санын 15 294 118 дана жай акцияларға ұлғайту туралы шешім қабылданды, осыған байланысты «KEGOC» АҚ жарияланған акцияларының жалпы саны 275 294 118 дана жай акцияларды құрайды», -делінген хабарламада.

«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы функциясын атқарады. Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) активтеріне иелік етіп басқарады. Қызметтің негізгі түрлері табиғи монополиялар саласына жатады. Компанияның балансында ҰЭТ-ты құрайтын ұзындығы шамамен 27 000 шақырым болатын, кернеуі 220-1150 кВ электр жеткізу желілері және трансформаторларының белгіленген қуаты 38,99 ГВА болатын 82 қосалқы  электр станциялары бар.

Компанияның 90 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі болса, 7,5 пайыз акциясы БЖЗҚ-ға тиесілі. Қалған 2,5 пайыз акциясы 2014 жылы өткен «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында жеке инвесторларға сатылған.

Енді жыл соңына дейін KEGOC акцияларының 5%-ы SPO-ға шығарылады. Бұл туралы жаңа үкімет құрамымен өткен алғашқы отырыста мәлім болды.

Жақында компания 2023 жылдың бірінші жартыжылдықтағы қызметін қорытындылап, 23 млрд теңге таза пайда тапқанын мәлімдеген еді. 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда негізгі қызметтен түсетін кіріс 11 572 млн теңгеге немесе 11,3%-ға өсті, оның 10 061 млн теңгесі реттелетін қызметтер бойынша тарифтер мен көлемнің өсуі нәтижесінде қалыптасқан.

Айта кетерлігі, KEGOC акциялары жоғары өтімділік үрдісі мен тұрақты өсімді көрсетті. Компанияның акциялары қор биржасында орналастырылған сәттен бастап акциялардың бағасы үш еседен астам – 505 теңгеден 1577 теңгеге дейін өскен.

Бұған дейін мәжіліс депутаттар «Самұрық-Қазынаға» қарасты компаниялардың табысын ашық жариялауды cұраған болатын.