Үкімет резервінен қуыңшылықтан зардап шеккен Жамбыл облысы шаруаларының шығынын өтеуге 3,7 млрд теңге бөлінді.
«Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2023 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне келтірілген зиянды өтеуге Жамбыл облысының әкімдігіне ағымдағы нысаналы трансферттер түрінде аудару үшін 3 756 300 171 (үш миллиард жеті жүз елу алты миллион үш жүз мың бір жүз жетпіс бір) теңге сомасында қаражат бөлінсін», делінген құжатта.
Бұл қаражатты тиісті орындарға бөлу Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігіне тапысырылды. Ақшаның заңнамада бегіленген тәртіппен бөлінуін Қаржы министрлігі қадағалайды.
Облыс әкімдігі 2023 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне бөлінген қаражатты мақсатты пайдалану жөніндегі есепті ұсынуы тиіс.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Еске сала кетсек, Жамбыл облысында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын. Осы жылы облыс бойынша суармалы судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты егілген егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25-30 пайызға кем болады деп күтілуде.
Осыған орай Жамбыл облысы Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында ауа-райының қалыптан тыс ыстық болуы және судың тапшылығы салдарынан орын алған шаруалардың шығынын өтеуге ҚР Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу туралы шешім қабылданған.
Кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі Өңірлерде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және кооперация басқармасының басшысы Олжас Тілебалдин Жамбыл облысында құрғашылықтан зардап шеккен шаруалардың шығыны есептеліп жатқанын хабарлады.
«Жамбылдағы құрғақшылықтан Қырғызстаннан келетін су көлемінің аз болуына байланысты 350-ге жуық шаруа зардап шекті. 7,8 мың гектар жерге егін шықпай қалды. Онда жүгері және қант қызылшасы өсірілген», деді ол.