«AMANAT» партиясының депутаты премьер-министр Әлихан Смайыловтан «Қазақстан» шахтасындағы жағдайды үкімет бақылауынан шығармауды әрі «АселорМиттал Теміртаудың» басшылығын заң негізінде жауапқа тартуды сұрады.
«Бұл «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарындағы бірінші апат емес. Өкінішке қарай, қоғам бүгінде шын кінәлілердің жауапқа тартылатынына сенбейді. Көп жағдайда, жауапкершілікке жәй орындаушылар тартылып жатады, шын мәнінде осындай апатқа ұшырататын шешімдерді басшылық қабылдайды», деді «Аманат» партиясының депутаты Никита Шаталов.
Депутаттың айтуынша, компания басшылары көмір өндіруге қажетті техникалық талаптарды орындамай, дұрыс емес жабдықты сатып алу арқылы ақша үнемдеуге тырысқан.
«Негізінен отқа төзімді болуы тиіс таспаның өртенгені белгілі болды. Бұл – халқымыздың тағдырына немқұрайлылықпен қарау дегенді білдіреді. Егер басшылардың ашкөздігі болмаса, Стешин, Халиков, Бургун, Слюнков, Старовойт тірі болар еді. Қазір қоғам әділеттілікті қалайды. Осы орайда біз сізден бақылауды босатпауыңызды талап етеміз. Тергеу нәтижесінде әділдік орнауы керек. Апатқа және шахтерлердің өліміне кінәлілер болған оқиға үшін толық жауапкершілікке тартылуы тиіс», деді.
Ол тіпті шетел азаматтары саналатын басшылар да жазасыз қалмауы керек деп санайды.
«Ешкімді, әсіресе кәсіпорын басшыларын, оның ішінде шетелдіктерді қылмыстық қудалаудан шеттетуге болмайды. Қылмыстық шешім қабылдаған адамдар мәжбүрлі орындаушыларға қарағанда, бірнеше есе қатаң жазалануы керек», дейді Шаталов.
Сонымен бірге депутат шахтаны жаңғыртпастан барынша пайдаланып, тозуына әкелген инвестордан өз міндеттемелерін толық орындауды талап етуге еліміздің құқылы екені және Қазақстан үкіметінің бұл талаптарды орындатуға толық құқықтық тетіктері де барын айтты.
Еске сала кетсек, апатты зерттеу үшін құрылған мемлекеттік комиссия өрттің конвейер таспасынан шыққанын, ол таспаның сертификатсыз пайдаланылғанын анықтады. Комиссия қорытындысы бойынша таспа роликтері деформацияланған. Сол бөлікте үйкеліс пайда болып, механикалық жылу шамадан тыс тиелген көмірге беріліп, өртенген. Бір қызығы, таспаның қайда, қалай дайындалғанын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Виктор Гафиулов та білмейді. Әйтеуір, Үндістаннан келгенін біледі. Оны сол елдегі белгісіз бір компания жасаған. Яғни сертификатсыз дайындалған. Комиссия сарапшылары таспаның не себепті өртенгенін анықтау үшін шахтаға түсіп, конвейер таспасының бір бөлігін алған. Алынған материал Ресейдің Кемерово институтына талдауға жіберіліп, институт ғалымдары «бұл таспа орташа жанғыш материалдан жасалған» деген қорытындыға келген. Сонымен бірге соңғы екі апта бойы таспаларға лайықты қызмет көрсетілмегені де анықталған.
Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, кінәлі адамдар тізімінде АМТ бас директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары – Мохан Винит, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ материалдық және техникалық жабдықтау жөніндегі басқарушысы – Покле Шайлендра мен Көмір департаментінің техникалық директоры Андрей Белый бар. Олардың жауапқа тартылған, тартылмағанынан Төтенше жағдайлар министрі бейхабар. Ал полиция әзірге нақты кімнің ұсталып, жауапқа тартылғаны туралы ақпарат берген жоқ.
17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Өрт салдарынан 5 кенші опат болды.
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты.
Ал Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын айтты.
Содан кейін шахтаның Ресей компаниясына сатылатыны туралы ақпарат тарады. Бірақ Роман Скляр «АрселорМиттал Теміртауды» ресейлік «Северстальға» сату туралы қауесеттерге сене бермеуге шақырды.