Жаңалықтар

Кәсіпкерлерді жылу желілерінен заңсыз ажыратқан: «АрселорМиттал Теміртауға» 5,5 млн теңге айыппұл салынды

Фото: kursiv.media

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на 5,5 млн теңгеге айыппұл салынды. Бұл жайлы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлаған.

Әкімшілік құқық бұзушылықтар Теміртау қаласы кәсіпкерлерінің ұжымдық өтініші негізінде, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қатысты жоспардан тыс тексеру барысында анықталған.

«Тексеріс нәтижесінде, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның тарапынан кәсіпкерлерді Теміртау қаласының жылумен жабдықтау желілерінен заңсыз ажырату бөлігінде бұзушылықтар анықталды. ТМРКД «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның өтініші бойынша соттың қарауына берілді», делінген хабарламада.

Ал 2023 жылдың 5 қазанында Теміртау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қаулы шығарып, «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңын бұзғаны үшін, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-на 5 520 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Әкімшілік жауапкершіліктен бөлек, компания басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Өйткені 17 тамыз күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер таспасынан өрт шыққан болатын. Өрт салдарынан 5 кенші опат болды.

Ал апатты зерттеу үшін құрылған мемлекеттік комиссия өрттің конвейер таспасынан шыққанын, ол таспаның сертификатсыз пайдаланылғанын анықтады. 

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, кінәлі адамдар тізімінде АМТ бас директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары – Мохан Винит, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ материалдық және техникалық жабдықтау жөніндегі басқарушысы – Покле Шайлендра мен Көмір департаментінің техникалық директоры Андрей Белый бар. Олардың жауапқа тартылған, тартылмағанынан Төтенше жағдайлар министрі бейхабар. Ал полиция әзірге нақты кімнің ұсталып, жауапқа тартылғаны туралы ақпарат берген жоқ.

Осыған орай «AMANAT» партиясының депутаты Никита Шаталов премьер-министр Әлихан Смайыловтан «Қазақстан» шахтасындағы жағдайды үкімет бақылауынан шығармауды әрі «АселорМиттал Теміртаудың» басшылығын заң негізінде жауапқа тартуды сұрады.

«Қазір қоғам әділеттілікті қалайды. Осы орайда біз сізден бақылауды босатпауыңызды талап етеміз. Тергеу нәтижесінде әділдік орнауы керек. Апатқа және шахтерлердің өліміне кінәлілер болған оқиға үшін толық жауапкершілікке тартылуы тиіс», деді депутат.