2023 жылдың 9 айында Астанадағы AIX биржасында сауда-саттық көлемі 83% өскен

Жарияланды

2023 жылдың 9 айында АІХ биржасындағы сауда-саттық көлемі рекордтық $220 миллионға жеткен. 2022 жылдың сәйкес кезеңіндегі $120 миллионмен салыстырғанда өсім 83% пайызды құрайды. Жалпы былтыр сауда-саттық $172 миллион болған. Бұл туралы Astana International Exchang жұмыс нәтижесінде жазылған.

Қазіргі кезде AIX ресми тізіміне 94 эмитенттің 151 бағалы қағаздары кіреді. Биржа ашылған күннен бастап тартылған капитал көлемі шамамен $4 млрд құрайды. Биржада 32 сауда мүшесі, соның ішінде Қазақстан, Қытай және Еуропа елдерінен келген брокерлер бар. Сонымен қатар, AIX Орталық депозитарийінде (AIX CSD) 1 миллионнан астам шот ашылған.

AIX басқарма төрағасы Әсел Мұқажанованың айтуынша, клиент сұранысына қарай жаңа өнімдер мен шешімдерді ұсыну, халықаралық талаптарға сай қызмет ету, техникалық инфрақұрылымды үздіксіз жетілдіру, халықаралық нарық мүшелерін тарту сияқты қадамдар өз жемісін бере бастаған.

«AIX ашылғалы бес жыл қатарынан биржа әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымды қалыптастыруға, жан-жақты әрі кең экожүйе құруға бар күшін салды. Сол еңбек ақталуда және биылғы жылдың 9 айындағы операциялық нәтижесі оған дәлел. Біз аумалы-төкпелі сыртқы жағдайға байланысты стратегиямызға біраз өзгеріс енгізгеніміз болмаса, жалпы бастапқы бағытымызды әлі де ұстанып келеміз»,- деді ол.

Биржадағы биылғы басты жаңалық – Polymetal International plc. бастапқы листингінің AIX биржасына ауыстырылуы және АХҚО-ға редомициляциясы.

Polymetal International plc. алтын өндіруші компания өз акцияларының бастапқы листингін Лондон қор биржасынан AIX-ке ауыстырған және АХҚО-ның арнайы құқықтық юрисдикциясында тіркелген алғашқы эмитент болды. Қазіргі уақытта нарықтық құны $2 млрд болатын Polymetal  – АХҚО-да тіркелген ең ірі компания және AIX-те саудаланатын ең ірі тау-кен компаниясы.

Редомициляция процесі кезінде Polymetal-дың Ұлыбритания, АҚШ, Еуропа және басқа да юрисдикциялардағы 4000-нан астам акционері POLY акцияларын AIX CSD мен AIX Регистраторына  аударды.

«2023 жылдың қыркүйек айында POLY акциялары бойынша мәмілелердің орташа тәуліктік көлемі $150 мыңнан асты. Polymetal акциялары бойынша мәмілелердің бір күндік көлемінің ең жоғарғы көрсеткіші $805 мыңға жетті, ал редомициляцияға дейін күнделікті көлем орташа есеппен $64 мыңды құраған болатын», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында еліміздегі екі қор биржасы – AIX пен KASE-ні біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін көтерген еді. Президенттің айтуынша, олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады.

«Еліміздің қаржы жүйесі үшін бұл тым артық. Ішкі нарықтың көлемін және тартымдылығын арттыру үшін осы биржалардың әлеуетін біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін қарастыру қажет»,- деді Президент.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова қос биржаны KASE базасында біріктіру керек деп санайды: өйткені мұнда негізгі өтімділік шоғырланған.

«Әрине, реттеушінің AIX-ке қатысты қызметінде кейбір оң аспектілер байқалады, оған қоса ол – жеке платформа. Бұл мүмкіндікті пайдалануға болғанымен, бәрібір қос биржа KASE негізінде бірігуі керек. Өйткені өтімділік әлі де Алматыда жоғары», – деп атап өтті Бахмутова.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова қос биржаны біріктіруде Қатар елінің тәжірибесіне сүйенеміз деген болатын.

Осы орайда экономист Бауыржан Шурманов қос биржаны бір жерден басқару бюджетті оңтайландыруға мүмкіндік береді деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, Қазақстандағы қор нарығы әлі де белсенді емес, ол негізінен квазимемлекеттік компаниялардың шығуы бойынша мемлекеттік оқиғаларға байланысты.

Қазақстан қор биржасының басқарма төрағасы Алина Алдамберген 2024 жылдың наурыз айында биржалар бірден бірікпейтінін, тек қосылу схемасы жайлы шешім қабылданатынын айтты.

«Егер биржа бизнесі тұрғысынан қарасақ, бір немесе бірнеше биржа болуы мүмкін. Дегенмен Қазақстан үшін екі биржа тым көп деген пікірге қосыламын. Биржа бизнесі тұрғысынан оңтайландырудың мәні бар. Бұл жердегі мәселе – бүкіл тараптың мүддесін ескере отырып реттеу, бөлу», – деп түсіндірді KASE басшысы.

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады.

Сондай-ақ оқыңыз