Жаңалықтар

Банк басшыларына дивиденд пен бонус төлеуге заң бойынша тыйым салынады

Фото: kursiv.media

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Президенттің қабылдауында болып, есеп берді.

Агенттік төрағасы қаржы нарығындағы ахуалға шолу жасап, банктерді экономиканың нақты секторын несиелендіруге жұмылдыру үшін қандай шара қолданылып жатқанын жариялады.

Оның сөзінше, банктердің капиталына, өтімділігі мен кепіл саясатына, сондай-ақ шетелдік еншілес банктердің несиелік белсенділігін арттыруға қатысты жаңа пруденциалды шаралар әзірленді. Қазақстанның банк секторына енгізу үшін шетелдік инвесторларға қойылатын талаптарды оңтайландыру жоспарланды. Цифрлық платформалар арқылы стресті активтерді сату, халықтың шектен тыс несие алуын төмендету, барлық микронесие бойынша бірыңғай мөлшерлеме белгілеу, коллекторлық қызметке қойылатын талапты қатаңдату шаралары жүзеге асты. Сонымен қатар қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заң жобасы әзірленіп, Парламенттің қарауына берілді.

Бұған дейін М.Әбілқасымова елімізде 6 банк мемлекеттің қолдауына ие болып отырғанын баяндаған. Қазақстанда тағы 2 банк ашылуы мүмкін екенін де М.Әбілқасымовадан білгенбіз. Санкцияға түскен BTБ банктің Қазақстанда қалай жұмыс істеп тұрғанын да агенттік төрағасы мәлімдеген.

Агенттік төрағасы Мемлекет басшысына банк акционерлерінің жауапкершілігін қатаңдату үшін төлем қабілеті төмен банктердің жұмысын реттеуге және мемлекеттік қолдауды шектеуге қатысты заң жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар М.Әбілқасымова Президентке мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай қолдауды толық өтемейінше, банк басшыларына дивиденд пен бонус төлеуге заң жүзінде тыйым салатын өзгеріс енгізу жоспарланып отырғанын айтты.

Агенттік төрағасы осыдан біраз бұрын банктер мемлекеттен алған ақшасын бірден қайтарып тастай алмайтынын түсіндірген еді. М.Әбілқасымова Қазақстан басшысына халықтың шамадан тыс несие алуын төмендетуге бағытталған шаралар туралы ақпарат ұсынды.

Ол бұған дейін банктер несиесін 90 күн төлемеген борышкерге жаңа қарыз бермеуі мүмкін екенін тұспалдаған. Бұған қоса Агенттік атынан ірі сомада тұтынушылық кредит беруге шектеу қоюды ұсынған.

М.Әбілқасымова Президентке берген есебінде жыл басынан бері банктердің активтері 4,8%-ға немесе 46,7 трлн теңгеге дейін өскенін, экономиканы несиелеу 11,5%-ға немесе 25,4 трлн теңгеге дейін, соның ішінде шағын және орта бизнеске берілген несие 9%-ға немесе 6,6 трлн теңгеге дейін ұлғайғанын жеткізді.

Агенттік төрағасы Мемлекет басшысына қадағалау қызметі аясында жүргізілген тексерулерден кейін 29 микроқаржы ұйымының және 14 коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылғанын, оларға жалпы құны 105,3 млн теңгені құрайтын 338 айыппұл салынғанын тізбектеп түсіндірді.

Осының алдында М.Әбілқасымова микроқаржы секторында проблемалық қарыз көлемі 180%-ға ұлғайып 100 млрд теңгеге жуықтағанын жариялаған. Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті борышкерге қойылатын талапты жеңілдеткен микроқаржы ұйымдарының салығы азаятынын айтқан. Бұған қоса Әбілқасымова алдағы уақытта елімізде несие рақымшылығы жасалмайтынын жеткізді.