Жаңалықтар

Еуро-4 және Еуро-5 стандарты: ҚМГ отандық дизель мен бензиннің экологиялық сапасын жақсартты

Фото: kursiv.media

ҚМГ мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту нәтижесінде дизель отыны мен бензиннің экологиялық сапасын Еуро-4 және Еуро-5 деңгейіне дейін көтерген. Бұл жайлы ҚМГ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Мұндай нәтижеге еліміздегі үш мұнай зауытын модернизациялау арқылы қол жеткізген. 2011-2018 жылдар аралығында ҚазМұнайГаздың Атырау, Павлодар және Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттарының технологиялық жабдықтары жаңартылып, шығарылатын отандық дизель және бензин отындарының экологиялық тазалығын Еуро-4 және Еуро-5 деңгейіне дейін жақсартуға мүмкіндік туған.

Нәтижесінде отандық МӨЗ шығарған отынмен жүретін автокөлік газдарындағы зиянды қоспалардың мөлшері едәуір төмендеген. Атап айтқанда️, күкірт – 10 есе, ️бензол – 5 есе, ️аром көмірінің көлемі -1,5 есе азайған.

2019 жылы ҚМГ компаниялар тобында шығарындыларды басқару саясаты бекітті. Оған сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) 2031 жылға дейін Атырау облысындағы еншілес кәсіпорындарының қызметінде көмірқышқыл газы (СО2) шығарындысын 400 мың тоннадан астам мөлшерде қысқартады. Бұл – компанияның барлық еншілес ұйымы бойынша төмендетуге болатын көміртек оксидінің үштен бірі (37%). Барлығы он жыл ішінде ҚМГ бүкіл компаниялар тобы бойынша СО2 шығарындысын 1,6 млн тоннаға қысқартуды  жоспарлап отыр.  

Мәселен компания шикі газ жағу көлемін 6 жылда 89%-ға қысқартқан. Қалдықсыз және қоршаған ортаға зиян келтірмей, экологиялық стандарттарға көшуді жоспарлап отыр.

«ҚазМұнайГаздың атмосфераға шығарындыларды азайту жөніндегі маңызды міндеттерінің бірі – шикі газды кәдеге жарату мен утилизацияны арттыру және газды факел қондырғысында жағу деңгейін төмендету», деп мәлімдеді компания.

Бұлайша газды факел қондырғысында жағу көлемінің азаюына «Ембімұнайгазда» күкіртсутегіден тиімді тазалауды қамтамасыз ететін кешенді газ өңдеу қондырғысын іске қосу себеп болған. Сондай-ақ «Қазақойл Ақтөбе» компаниясына қарасты Қожасай кен орнында қуаты жылына 226 миллион текше метр газды өңдейтін заманауи газ өңдеу кешені іске қосылған. Осының барлығы болашақта компанияның қалдықтарсыз жұмыс істеуіне және ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың көлемін азайтуға мүмкіндік бермек.