Мемлекет басшысы Қарағанды облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.
Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.
Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.
Еске сала кетсек, бүгін «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды.
«Арселор миттал» компаниясының салғырттығынан 17 тамыз күні «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Шахтада 227 адам болған. 222 адам оқпан арқылы жер бетіне шығарылды. Кеншілердің 13-і жарақат алса, бес адам қаза тапты. Олардың ең кішісі 27 жаста, ең үлкені 58 жаста болған.
Осы оқиғадан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындардағы апаттардың жалғасуы оның инвестициялық және басқа да міндеттемелерінің өрескел бұзылғанын көрсетеді, оның кейіннен Қазақстан нарығында болуы үшін тиісті салдары бар» деп мәлімдеді.
ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтты. Оның айтуынша, бұған дейінгі апаттардан кейін басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген. Алайда келісімді толық көлемде орындамаған.
«Қазір осы кәсіпорынның иесін өзгерту туралы мәселе туындайды. Біз қазірдің өзінде Миттал және оның адамдарымен тиісті келіссөздер жүргізіп жатырмыз. бұл мәселе қазірдің өзінде түпкілікті шешіледі. Сондықтан бұл инвестордың Қазақстанда қалу перспективасын көріп тұрған жоқпыз», – деді Смайылов.
Ал Ерлан Қошанов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын мәлімдеген болатын.
Жақында «AMANAT» партиясының депутаты Никита Шаталов премьер-министр Әлихан Смайыловтан «Қазақстан» шахтасындағы жағдайды үкімет бақылауынан шығармауды әрі «АселорМиттал Теміртаудың» басшылығын заң негізінде жауапқа тартуды сұрады.
«Бұл «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарындағы бірінші апат емес. Өкінішке қарай, қоғам бүгінде шын кінәлілердің жауапқа тартылатынына сенбейді. Көп жағдайда, жауапкершілікке жәй орындаушылар тартылып жатады, шын мәнінде осындай апатқа ұшырататын шешімдерді басшылық қабылдайды», – деді Никита Шаталов.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, кінәлі адамдар тізімінде АМТ бас директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары – Мохан Винит, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ материалдық және техникалық жабдықтау жөніндегі басқарушысы – Покле Шайлендра мен Көмір департаментінің техникалық директоры Андрей Белый бар. Олардың жауапқа тартылған, тартылмағанынан Төтенше жағдайлар министрі бейхабар. Ал полиция әзірге нақты кімнің ұсталып, жауапқа тартылғаны туралы ақпарат берген жоқ.
Ал 11 қазан күні «Қазақстан» көмір кенішінде температура көтеріліп, шахтадағы барлық қызметкерлер жер бетіне эвакуацияланды.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ болат балқыту жөніндегі халықаралық ArcelorMittal концернінің бөлігі болып табылады. Компанияның Қазақстандағы 15 көмір және темір рудалары бар.