Жаңалықтар

«Ұлттық қор – балаларға»: есепшоттағы қаражат балаларға доллармен беріледі

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков «Ұлттық қор – балаларға» жобасын жүзеге асыру тетігін түсіндірді.

Д. Темірбеков жобаға қатысу үшін ата-аналарға ешқандай құжат жинаудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.

«Жобаға барлық балалар қатысады. Ешқайда хабарласудың, құжат жинаудың қажеті жоқ. Барлық процесс автоматтандырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әділет министрлігімен бірлесіп, интеграциялық жұмыс жүргізеді. Бала 18 жасқа толғанға дейін қаражат Ұлттық қорда сақталады. 18 жасқа толғаннан кейін жинақталған қаражат есепшоттарға аударылады. Кейін бұл қаражатты алдын ала белгіленген мақсатта пайдалануға болады», – деді Қаржы вице-министрі.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов «Ұлттық қор – балаларға» жобасын жүзеге асыруға екінші деңгейлі 9 банк ниет білдіріп отырғанын баяндады.

«Қазпошта» АҚ-дан бөлек екінші деңгейлі 9 қазақстандық банк «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыруға ниет білдірді. Келісімге қол қойып, қызметтерді біріктіруді жүзеге асыру қажет. Салымшы іс жүзінде өзіне қолайлы банкті таңдай алады», – деді М.Шәріпов.

Ол БЖЗҚ барлық банктермен жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.

«Тізімде тек «Отбасы банк» қана емес, осы бағдарлама бойынша жұмыс істегісі келетін кез келген банк болады», – деді басқарушы директор.

М.Шәріпов қордағы қаражат доллармен сақталатынын және балаларға доллармен берілетінін айтты.

«Деректер базасында балаларға қатысты мәлімет бар. БЖЗҚ мәліметтерді сәйкестендіреді және соманы есептейді. БЖЗҚ қаржыны есептеу үшін деректер базасындағы мәліметтерге жүгінеді», – деді басқарушы директор.

Естеріңізге салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық қорындағы қаражаттың бір бөлігін қазақстандық балалардың есебіне төлеу жөніндегі жарлыққа қол қойды.

Кейін 18 жасқа дейінгі балалардың шотына ақша аудару тәртібі түсіндірілді.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 18 жасқа дейінгі балаларға төлем доллармен төленетіні белігілі болды.

Біршама уақыттан соң Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалар арасында тең бөлінетіні жарияланды.

Қыркүйек айында Мәжіліс Ұлттық қордан балаларға төлем жасау заңын қабылдады.

Сенат Мәжілістің шешімімен келіспей, құжатты кері қайтарды. Мәжіліс Сенат енгізген 10 өзгерісті оң қабылдады.

Айта кетейік, Ұлттық қордың инвестициялық табысынан 7 млн адам ақша ала алады.
Бұған дейін Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы алғашқы ақша балалардың шотына 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап түсетінін жариялады.

Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров журналистерге 18 жасқа толмай өмірден өтіп кеткен балалардың жинағы ата-анасында қалатынын немесе өзге балаларының арасында бөлінетінін жеткізді.