Жаңалықтар

Депутат: АрселорМиттал Теміртау кеншілердің өміріне салғырт қарады

Мәжіліс отырысы кезінде депутат Арман Қалықов палатадағы әріптестерінен атынан сөз сөйлеп, «АрселорМиттал Теміртау» инвесторының ауысуына қатысты пікір білдірді.

Бүгінгі Мәжіліс отырысы Костенко атындағы шахтада кеншілердің қайтыс болуына байланысты бір минут үнсіздіктен басталды. Осыдан кейін депутат Қалықов сөз алып, Мәжіліс атынан депутаттық сауал жолдап, өндірістің бұл саласын дамытуға кәсіби мамандарды Қазақстаннан-ақ табуға болатынын айтты.

«Костенко шахтасындағы қайғылы оқиға Қазақстан халқын есеңгіретіп тастады. Біз Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары әрбір отбасына көңіл айтып, олармен бірге қайғыратынымызды жеткізгім келеді. Өкініштісі екі ай бұрын ғана «Казахстанская» шахтасында апат болған. Бұл оқиғалардың барлығы жұмысшылардың өміріне салғырт қараудың салдарынан болғаны анық. Осы кезге дейін компания қазақстандық кеншілердің өлімі есебінен байып отырды деуге болады. Себебі «АрселорМиттал» барлық жағынан үнемдеп отырған. Ресми деректерге сүйенсек, компания соңғы төрт жылда 200 миллиард теңге табыс тауып, оның көп бөлігін шетелге шығарған», – дейді депутат.

Ол дәл қазіргі кезеңде президент ең дұрыс шешім қабылдап, «АрселорМитталмен» келісімді жойғаны жөн болды деп есептейді.

«Адамдардың уайымдап отырғанын білеміз. 90-жылдардағы шетелдік инвестор кетіп қалса, жұмыссыз қаламыз деген қорқыныш әлі сақталған. Бұл қате пікір. Біз өндірістің жақсы табыс алып келетінін көріп отырмыз. 30 жылдан астам көмір өндірісінде жұмыс істеген адам ретінде қарағандылықтарды тыныштандырғым келеді. Осы жылдар ішінде біздің өз елімізде әлеуметтік жауапкершілігі бар кәсіпкерлер пайда болды. Олар тікелей инвестор бола алады. Өндірістің бұл саласын дамытуға біздің өз кәсіби кадрларымыз жетерлік. Қарағанды көмір бассейні мен темір балқыту комбинаты стратегиялық маңызды өндіріс екенін білеміз. Мыңдаған адам осы өндіріске қарап отыр. Қарағанды, Теміртау, Шахтинск пен Рудный жалғыз қалмайтынын айтқым келеді», – дейді депутат.

Сонымен қатар, ол Үкімет өндіріс орындарындағы жұмысшылардың қауіпсіздігін бақылауға мән беруін сұрап, өнеркәсіп қауіпсіздігін бақылаушы 260 қана инспектор барын айтып, мұның жеткіліксіз екендігін ескертті. Бұған қоса, ірі кәсіпорындарды тексеруге мораторийді алып тастауды ұсынды.

Ал өз кезегінде Мәжілістің қауіпті өндіріс орындарындағы жұмысшылардың зейнет жасын қысқарту туралы жұмысты жалғастырып жатқанын айтты.

28 қазан күні «АрселорМиттал Теміртаудың» Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтасында қайғылы жағдай орын алды.

Апат кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жоғары көтеріліп үлгерген. Бастапқы кезеңде тек төрт адам қайтыс болды деген хабар тарады. Алайда кейін үйінді астында қалған 46 адамның барлығы қайтыс болғаны белгілі болды.