ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов » АрселорМиттал Теміртауды » 500 млрд долларға сатып алу туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Сондай-ақ, еліміздің Премьер-Министрі кәсіпорынды жаңғыртуға 3 млрд доллар инвестициялау қажеттігін және үкімет мұны жасамайтынын атап өтті.
«Біз қазіргі таңда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ компаниясының Қазақстанның меншігіне берілуіне байланысты қандай да бір нақты мәлімдеме жасай алмаймыз. Бір ай уақыт ішінде барлық құжаттарға қол қойылып, келісімшартты заңды түрде бекіту қажет. Барлық нақты ақпарат 30 қарашада белгілі болады. Үкімет кәсіпорынды жаңғыртуға үшін инвестиция бөлуді қарастырмайды. Біздің жоспар бойынша осы кәсіпорынға инвестор тарту. Инвестор кем дегенде кәсіпорынды жаңғыртуға 3 млрд доллар инвестиция бөлу керек, Сондай-ақ, ол 1,3 млр долларды бірден салса дұрыс болады. Өйткені қазіргі таңда кәсіпорынның тез арада қауіпсіздік шаралары мен құрал-жабдықтарын қалпына келтіру керек. Айта кетейік, Үкімет компанияны 500 млрд долларға сатып алуды қарастырмайды»-деді Смайылов.
Еске саламыз, Қазақстан ArcelorMittal Temirtau компаниясын басқару үшін ешқандай шетелдік инвестор тартуды көздеп отырған жоқ. Оған қоса кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтару барысында бюджеттен қаржы алынбайды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, компания қарашаның соңына қарай толық мемлекет меншігіне өтуі тиіс.
«Үкімет ArcelorMittal Temirtau компаниясының меншік құқығы Қазақстан Республикасына өткен соң, ешқандай шетелдік инвестор тартуды көздеп отырған жоқ. Кәсіпорындағы кәсіподақтармен жасалған ұжымдық келісім негізінде қазіргі еңбекақы, қызметкерлердің саны, барлық еңбек жағдайы өзгеріссіз сақталады», – деді Қанат Шарлапаев сейсенбі күні үкімет брифингінде.
Алайда министр «АрселорМиттал Теміртау» бойынша келісім қандай шарттар бойынша жүзеге асып жатқанын нақтыламады. Тек үкімет алдағы уақытта шығынды өтемейтінін және бұл істе бюджет қаражатын пайдаланбайтынын айтты.
ArcelorMittal Temirtau компаниясына қарасты Костенко шахтасында 46 кеншінің өмірін жалмаған жарылыстан кейін, Президент Үкіметке ArcelorMittal компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырған болатын.
ArcelorMittal компаниясының өзі бірнеше айдан бері Қазақстан Үкіметімен қазақстандық бизнесті мемлекет меншігіне алу туралы келіссөз жүргізіп келе жатқанын және өткен аптада билікпен осы шотқа «қағидаттық келісім» жасасқанын мәлімдеді.
Костенко шахтасындағы апат пен компанияның мемлекет меншігіне өтетіні туралы ақпараттан кейін ArcelorMittal қағаздары 5%-ға арзандады.