Жаңалықтар

Нақты экономиканы несиелеуге бағытталады: Ұлттық банк БЖЗҚ активтерін банктердің облигацияларына салуға ниетті

Фото: kursiv.media

Ұлттық банк БЖЗҚ қаржысын банктердің ұзақ мерзімді облигацияларына салуға ниетті. Осы қаржыны банктер тек экономиканың нақты секторына несие беруге жұмсауы шарт. Бұл туралы Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтың Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында жазылған.

ҰБ басшысының айтуынша, экономиканы кредиттеудің орнықты өсу факторларының бірі – банктерге «ұзақ» жобаларды ұзақ мерзімді жоспарлауды және қаржыландыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тұрақты қаржы көздерін қалыптастыруға жағдай жасау.

«Ұлттық Банк «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақықоры» АҚ зейнетақы активтерін нарықтық шарттарда банктердің тұрақтылығына қойылатын талаптарды белгілей отырып және бизнесті кредиттеу бойынша қарсы міндеттемелерді қоя отырып, банктердің ұзақ мерзімді облигацияларына инвестициялау мәселесін пысықтауда. Аталған қаражат тек нақты секторды кредиттеуге бағытталатын болады», – делінген жауапта.


Жақында әзірленген «Салық Кодексі» шеңберінде банктердің Ұлттық Банктің ноталары бойынша табысына салық салуды енгізуді көздейтін түзету көзделген. Сүлейменовтың айтуынша, бұл өзгеріс банктердің өтімділікті тәуекелсіз құралдарға инвестициялау мүддесін төмендетуге мүмкіндік береді, ол да экономиканы кредиттеуге бағытталуы мүмкін.

Қазіргі кезде БЖЗҚ-да 17 228,7 млрд теңге жинақталған. Бұл ретте Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы актив көлемі 17 216,9 млрд теңгені құраса, ал ИПБ басқаруына 11,8 млрд теңге  берілген.

Қазақстандықтардың зейнетақы жинағынан Оман еліне қарыз берілгені белгілі болды.

Қазіргі кезде қазақстандықтардың зейнетақы жүйесіне деген сенімі аз екені жиі айтылады. Оған кейінгі жылдары азаматтардың БЖЗҚ-дан алған қаржысы дәлел. Сондықтан БЖЗҚ тек зейнетақы жинақтары өз есепшотында жинайтын есеп орталығы емес, азаматтарды зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын әлеуметтік институт ретінде жұмыс істеуі тиіс.