Жаңалықтар

Қазақстандағы 3 ЖЭО-ны ресейлік «Интер РАО» салады

Фото: kursiv.media

Ресейлік «Интер РАО» холдингінің құрамына кіретін «Интер РАО – Экспорт» компаниясы Көкшетау, Семей және Өскемен қаласында жылу электор орталығын салатын болды. Жаңа көмір энергоблоктары бой көтереді. Бұл туралы РФ Энергетика министрлігіне сілтеме жасай отырып ТАСС агенттігі хабарлайды.

Ал Қазақстан тарапынан уәкілетті ұйым ведомствоаралық келісімді дайындау барысында анықталады.

«Интер РАО – Экспорт» бұл жобаларға ЕРС-мердігер ретінде қатысып, жобалау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және құрылысты басқарумен айналысады.

Айта кетейік, «Интер РАО» «Екібастұз» ГРЭС-2 акцияларының 50 пайызын 10 жылдан астам иеленген еді. Станция акцияларының қалған жартысына иелік ететін «Самұрық-Қазына» 2019 жылы ресейлік компанияның үлесін 25 миллион долларға сатып алған.

9 қарашада Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға ресми сапары аясында ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен РФ Энергетика министрі Николай Шульгинов тиісті меморандумға қол қойды. Құжат үш жылу электр станциясында жаңа энергоблок салудан бөлек, Қазақстан Республикасының аумағында генерациялаушы қуаттарды жаңғырту және салуға бағытталған басқа да перспективалық жобаларды әзірлеуді қамтиды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр меморандумға қол қойғаннан кейін журналистерге тиісті құрылымдар Көкшетауда 2024 жылы жылу электр орталығының құрылысын бастайтынын түсіндірді. Ол қазақстандық жылу электр станцияларының бәрінде осындай қондырғы бар екенін атап өтті.

«Энергетика министрлігі Семей, Көкшетау және Өскеменде үш ЖЭО салу туралы тиісті меморандумға қол қойды. Көкшетау ЖЭО-да техникалық-экономикалық негіздеме дайын, тиісті құрылымдар меморандумға қол қойылғаннан кейін, ЖСҚ әзірлеуге, келісімшарттарға кіріседі. Бұл келесі жылы жүзеге асырылады. Бұл үш қалада ЖЭО мүлдем жоқ. Семей мен Өскемен жылу электр орталықтарының техникалық-экономикалық негіздемесі әлі әзірленбеген», – деді Скляр.

Өз кезегінде Сәтқалиев Көкшетауда жылу электр орталығының құрылысы шынымен де келесі жылы басталуы мүмкін екенін растады. Бұл ретте ресейлік тарап көмір стансаларын салуға ғана емес, сонымен қатар қаржыландыруға да дайын.

Қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа ЖЭО Көкшетауда 2027 жылы салынып бітетіні жайлы ақпарат тараған. Құрылыстың жалпы құны 239 миллиард теңгеден асады. Бған дейін Энергетика министрлігі Көкшетауда ЖЭО салуға екі рет тендер жариялағанымен, бірде-бір инвестор өтінім бермеген.