Қазақстаннан 56 млн теңге алған «Болашақ» стипендианты міндеттемесін орындаудан жалтарып жүр ме?

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Автордікі

«Болашақ» халықаралық бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алып жатқан Қазақстан азаматы Мөлдір Қабыловаға 2023 жылғы наурыздан бастап неге шәкіртақы төленбей жатыр? «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның Мөлдір Қабылованың кепілге қойған пәтерінің кепілден заңсыз шығарылуына және сатылуына қатысы бар ма?
Осы сұрақтарға «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова kursiv.media тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында жауап берді.

«Мөлдір Қабылова «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен екінші рет білім алып жатқан стипендиат. Бұған дейін бакалавриат бағдарламасын бітірген. Өте жақсы оқыған. Қазақстанға оралып, жұмыс істеп, міндеттемесін толық орындаған. Қазір Ұлыбританияда, докторантурада», – деп бастады әңгімесін Ә.Оспанова.

Басқарма төрағасы Мөлдір Қабыловаға тағайындалған шәкіртақының тоқтатылуы мен оның мүлкінің кепілден шығарылуында ешқандай заңсыздық жоқ екенін түсіндірді.

«Кеше Мөлдірге телефон шалып, сөйлестім. Өзімнің ұстанымымды жеткіздім. Мен де анамын, сондықтан оны жақсы түсінемін. Дегенмен қазіргі жағдайда эмоцияны оқиғадан тыс қалдырып, мәселені құжатқа сәйкес зерделеу қажет. Оның шәкіртақысы біржола емес, уақытша тоқтатылды. Ол шәкіртақыдан айырылған жоқ, тек шәкіртақы алу құқы уақытша шектелді. Барлық жерде оны шәкіртақыдан айырды деген ақпарат тарап жатыр. Бұл дұрыс ақпарат емес», – деді Әсел Оспанова.

Басқарма төрағасы шәкіртақының уақытша тоқтатылуына Мөлдір Қабылованың бұрынғы күйеуі Олжас Құдайбергеновпен соттасуы себеп болғанын алға тартты.

«Соттың шешімі бойынша Мөлдір Қабылованың шәкіртақысын «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ уақытша тоқтатуы тиіс. Бізге осындай талап қойылды. Мен сізге құжаттарды көрсетіп, ұсынып отырмын. Міне, мынау, сот үкімі:
«Запретить АО «Центр международных программ» (БИН 050440007456, руководитель Сакенов Олжас Берлесович) исполнять условия договора №6102 от «01» октября 2020 года на обучение до полного исполнения Қабыловой Мөлдір Түлепқалиқызы требований исполнительного документа. Поскольку должник Кабылова М.Т., не исполняя решение суда, нарушает требования Конституции и законодательство Республики Казахстан, и как следствие условия Договор, а также проводит активную работу по получению политического убежища, чтобы вовсе сделать невозможным исполнение решение суда, и в целях обеспечения исполнения исполнительного документа, считаю необходимым запретить АО «Центр международных программ» исполнять условия договора на обучение до фактического исполнения должником Қабыловой М.Т. требований решения суда». Соттың шешімін орындау үшін біз М.Қабыловаға шәкіртақы төлеуді уақытша тоқтаттық», – деді Әсел Оспанова.

Ол Мөлдір Қабылованың Ұлыбританиядан саяси баспана сұрауға өтініш бергеніне назар аударды.

«Ұлыбритания оған саяси баспана беруден бас тартты. Біз одан осыған қатысты құжаттарды сұрадық. Бір емес, бірнеше рет ресми бланкпен хабарлама жібердік. Саяси баспана сұраудағы мақсатын анықтауға, Қазақстанға қайтуға ниеті бар ма, жоқ па екенін білуге тырыстық. Бізге бұл сұраққа жауап алу маңызды болды. Өйткені «Болашақ» бағдарламасымен білім алған азаматтар Отанға оралып, белгіленген мерзім аралығында елге қызмет етуі тиіс. Өкінішке қарай, бізге жауап берілмеді. Телефонмен сөйлескенде де Мөлдір ханым нақты шешімін айтпады. Ол Ұлыбританияда қалатын болса, ереже бойынша біз оны шәкіртақыдан айыруымыз керек. Ол Қазақстанға оралатынын растаса, оның осыған дейін шектеу қойылған шәкіртақысын толық көлемде жолдаймыз. Бұл үшін Мөлдір ханымның өз қолымен жазған өтініші қажет. Ол өз міндеттемесін орындайтын болса, яғни Қазақстанға қайтып келіп, жұмыс істесе, мәселе бірден шешіледі, – деді Әсел Оспанова.

Мөлдір Қабылова «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасынан Қазақстанға келсем, қауіпсіздігіме кепіл бола аласыз ба деп сұраған. Ә.Оспанова: «Мен сізге шәкіртақының төленетініне ғана кепіл бола аламын. Отбасылық мәселеңізге кірісе алмаймын», – деп жауап берген.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ осы күнге дейін Мөлдір Қабыловаға 56 млн теңге төлеген.

«Барлық шығындарды қосқанда: оқуына, визасына, медициналық сақтандырылуына, жол шығынына 56 млн теңге төледік. Тіпті сот орындаушысына да хабарластық. Мәселені заң аясында шешудің тиімді тәсілі бар ма деп сұрадық. Ол мәселені шешудің бір-ақ жолы бар: «стипендиант өз міндеттемесін орындауы керек» деді. Бұл осыған дейін төлеген ақшаны қайтаруы немесе елге келіп жұмыс істеу керек деген сөз. «Болашақ» стипендиантының Ұлыбританиядан саяси баспана сұрауы жағдайды ушықтырып. Оның бұл қадамға баруы міндеттемесінен бас тартуға ниеттеніп отырғанының белгісі болуы мүмкін», – деді Әсел Оспанова.

Басқарма төрағасы М. Қабылованың кепілге қойылған үйі кепілден заңсыз шығарылды деген қауесетке қатысты пікір білдіріп, тиісті құжатты көрсетті.

«Біз заң аясында ғана мүлікті кепілге ала аламыз, кепілден шығара аламыз және кепілде тұрған мүлікті басқа мүлікке алмастыра аламыз. Мөлдір ханым кепілге бір емес, 2 пәтер қойды. Алайда ол бұл туралы айтпайды. Тікелей эфирде кепілге қойылған әкесінің пәтері сатылып кеткенін, пәтерсіз қалғандарын мәлімдейді. Шын мәнінде жағдай басқаша. Кепілге қойылған бірінші пәтер Астанада Әлихан Бөкейхан 2 деген мекенжайда, екінші пәтер Алматыда Медеу ауданы Төлебаев көшесі 69 үйде орналасқан. Бірінші пәтер өз атына, екінші пәтер әкесінің атына рәсімделген», – деді Әсел Оспанова.

Мөлдір Қабылованың «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да кепілде тұрған мүлкінің кепілден заңсыз шығарылып, сатылып кеткені туралы мәлімдемесінің түйіні осы жерде тарқайды. Бұл туралы сұхбат беруші:

«Биыл қаңтарда М. Қабылова Худайбергенов Алмас Абдумаликовичке жылжитын және жылжымайтын барлық мүлкін басқаруға, оның ішінде сатуға да сенімхат береді. Құжатқа өзі қол қояды. Қараңыз, міне сенімхат. Алмас Худайбергенов бізге келіп, кепілде тұрған мүлікті басқа мүлікке алмастырды. 47 млн теңге деп бағаланған үйді кепілден шығарып алу үшін ол бізге Сауран көшесі 14 үйде орналасқан, құны 50 млн теңге тұратын үй ұсынды. Біз барлығын құжат бойынша қабылдадық. Дәл қазір кепілде осыған дейінгідей 2 пәтер тұр. Ал М. Қабылова осындай процесс болғаны туралы ештеңе айтпайды. Мүлікті кепілден шығарып алып, сатып жіберді деп мәлімдейді. Салдарынан көпшілікте бөтен ой туып жатыр. Кепілден шығарылған мүлік сатыла ма, сатылмай ма, «Халықаралық бағдарламалар орталығына» қатысы болмайды. Біз кепілге алынған мүлікке ғана жауап береміз. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» «Болашақ» стипендиантының мүлкін кепілден заңсыз шығарған жоқ. Ал кепілден шығарылған пәтердің сатылуына біздің еш қатысымыз жоқ», – деді.

10 қарашада Мөлдір Қабылова бұрынғы күйеуі Олжас Құдайбергеновтен қысым көргенін мәлімдеп, президенттен көмек сұрады.

Ол 2022 жылғы қаңтарда ажырасу туралы шешім қабылдағанын, наурызда О.Құдайбергенов кәмелетке толмаған балаларын Ұлыбританиядан алып кетпек болғанын, Ұлыбританияның әлеуметтік қызметі өзін балаларымен бірге баспанасыздарға арналған үйге орналастырғанын баяндады.

«Олжас жалға алынған үйдің ақшасын төлеуден бас тартты. Төрт баламмен далада қалдым. Әкем оның әрекетіне ашуланып, одан әкелік міндетін орындауды, оқу жылына дейін жалға алынған пәтердің ақысын төлеп беруді талап етті. Бірақ ол әкемнің үстінен «бопсалады» деген айыппен арыз жазған», – деді Мөлдір Қабылова.

Оның сөзінше, әкесі бірден қамауға алынған. Полиция бөлімінде есінен танып құлап, бас сүйегін, жамбас сүйегін және аяқ сүйектерін сындырған. Салдарынан 4 ай төсек тартып жатқан.

Мөлдір Қабылова Олжас Құдайбергеновты таныс-тамыры арқылы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-дан алып отырған шәкіртақысын тоқтатып тастағанын, кепілге қойған пәтерін тартып алып, сатып жіберді деп айыптады. Кейін Олжас Құдайбергенов өз кезегінде Мөлдір Қабылованың жазбасына жауап берді.

Ол өзінің жоғары лауазымды шенеунік емес екенін, ешқашан әйеліне қол көтермегенін, бұрынғы әйеліне «Болашақтың» шәкіртақысы сот санкциясын орындамағаны үшін төленбей жатқанын жариялады. Сонымен қатар Мөлдір Қабылова мемлекет алдындағы міндеттемесін орындамаса, оның әкесі мен өзінің бауыры кепілге қойған мүліктен айырылатынын айтты. Бұдан бөлек балаларының анасы болғандықтан, бұрынғы әйеліне тіл тигізбеуді сұрады.

«Жазбаны бөліп немесе цитата ретінде жариялауға тыйым салынады. Тек толық көлемде жариялауға рұқсат. Мүлдем жарияламаған абзал. Балаларым мен анамды аяңыздар! Басқа пікір болмайды», – деп түйді ойын Олжас Құдайбергенов.

Еске сала кетсек, осыған дейін сенатор Андрей Лукин Халықаралық бағдарламалар орталығының жұмысын сынға алып, «Болашақ» бағдарламасы эммиграция құралына айналып кеткенін айтты. Ол орталықты негізсіз бюджеттік шығындарға жол беріп жатыр деп айыптады. Стипендиаттардың мемлекет жұмсалған қаражатты жұмыспен өтеуі тиісті қадағаланбайтынын алға тартты.

«340 стипендиясынан айырылған және 60 стипендиядан бас тартқан адамдардың мемлекетке қарызы 6,5 млрд теңгені құрайды. Бұл ақшаны мемлекетке қайтару шараларын орталық ұзаққа созып жіберген. Оған сонда істейтін адамдардың әрекетсіздігі себеп. Орталық талай сотта мерзімінің өтіп кетуіне байланысты жеңілген», деді депутат. 

Сондай-ақ оқыңыз