Жаңалықтар

Әйелін соққыға жықты деп айыпталған шенеунік 3 жыл өткен соң мемлекеттік қызметке қайта оралды

Фото: Ашық дереккөзден

Әйелін тұрмыстық жанжал кезінде ұрып-соғып, пышақпен жаралаған шенеунік, бұрынғы Алматы облысының Жастар саясаты басқармасының жетекшісі Жомарт Қаратас қайтадан мемлекеттік қызметке оралды.

Ол «Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ-нің «Жетісу облысының халық шығармашылығы орталығы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директоры қызметіне 22 қыркүйекте тағайындалған. Бұл ақпаратты орталық растады.

Әңгіменің әлқиссасына көшсек, осыдан 3 жыл бұрын Жомарт Қаратастың әйелі күйеуі қол көтергенін айтып, құзыретті органдарға шағым түсіреді. Ол күйеуінің алғашқыда телефон шнурымен сабағанын, артынша пышақпен жарақаттағанын мәлімдеген. Бірақ әйелінің жаласымен келіспеген Қаратас өзінің іссапарға кеткенін, ол күні үйде болмағанын айтып, жабылған кінәні мойындамаған. Дәл сол күні іссапарға кеткенін растайтын дәлелдер де келтіре алмағын. Жауапты органдарға ұсынған құжаты оның іссапарға нақты қай күні кетіп, қай күні келгенін нақтыламайтындықтан жарамсыз боп қалған.

Ал Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы әйелдің расымен жарақат алғанын, басының жұмсақ тіндерінің көгергенін, аяғында сырылған дене жарақаттарының бар екенін растап, оң білегінің кесілген жарасы диагнозын қойған.

Нәтижесінде Қаратасқа қатысты ӘҚБтК-нің 73-бабының 2-бөлігімен «Тән ауруын тудырған, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтірмеген ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау» бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Ерлі-зайыптылардың татуласуына байланысты бұл даулы іс жабылған. Десе де, бұл оқиға сол кезде қоғамда үлкен резонанс тудырып, Қаратас өз еркімен қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Бірақ Жомарт Қаратас үш жылдан кейін мемлекеттік қызметке қайта оралып отыр. Жомарт Қаратас Жетісу облысы әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Бұл оның бір жарым айдағы жасаған қызметі үшін берілген.

Қызметтік жолы келесідей: Ол І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті мен А.Жолдасбеков атындағы экономика академиясын «Заңгер», «Мемлекеттік жергілікті басқару» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Содан кейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты атқарушы хатшысының орынбасары қызметін атқарған.
Кейінірек «Жетісу жастары ұйымның конгресі» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметіне бірақ көтерілген Қаратас, көп ұзамай «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жастар саясаты мәселелері жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалған. Сонымен бірге Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның бас әкімшісі, Б.Римова атындағы драма театры МКҚК директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Артынша өзі кетуге мәжбүр болған – Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы қызметіне 2019 жылы келген.