Фото: kursiv.media
Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.
Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденов, Бас прокурор Берік Асылов, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевпен, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесіп кеңес өткізген. Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігіне елорда мейрамханаларының бірінде болған кісі өліміне қатысты резонанс тудырған оқиғаны ерекше бақылауға алуды тапсырды.
«Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», – дедіпрезидент.
Ол осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керектігін атап өтіп, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты Заң мен Тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажеттігін баса айтты. Сонымен бірге әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің жолын батыл түрде кесуді тапсырды.
Мемлекет басшысы заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге де тоқталып өтті. Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс екенін айтып, қазіргі қалыптасқан жағдай, көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұру маңызды екенін атап өткен.
Еске сала кетсек, бейсенбі күні кешке қарай экс-министр Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігі оның ұсталғанын растады.
Көпшілік бұл қайғылы оқиғаға соттың әділетсіздігін кінәлады. Желі қолданушылары Қуандық Бишімбаев заң бойынша өзіне тиесілі мерзімін толық отырып шыққанда, мұндай әділетсіздік болмайтынын айтып жатты.
Қылмысы расталса, күдікті Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Осы оқиғадан кейін Заңгер Анна Чернова өз парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, Қуандықт Бишімбаевтың 10 жылдық жазасын 4 жылға қысқарту туралы Назарбаевтың жасаған рақымшылығының күшін жоюды сұрады.