Фото: kursiv.media
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының акциялары Лондон қор биржасындағы сауда-саттықта 3,43% жоғалтты.
Freedom Broker сарапшылары компания бағалы қағаздарының еш себепсіз 3,4%-ға төмендеуі (уран ETF-тері айтарлықтай құлдырамады) жергілікті «жазық трендке» көшу белгісі болуы мүмкін деп пайымдайды.
«Уран ETF-тері айтарлықтай құлдырамады және уран бағасы тұрақты болып тұр. Біздің ойымызша, баға белгіленім енді «жазық трендке» көшіп жатқаны жайлы белгі беріп тұр», -деп жазылған қор нарығына шолуда.
Қарашаның басында KASE мен Лондон қор биржасындағы сауда-саттықта Ұлттық атом компаниясының акциялары біршама арзандаған болатын. Сол кезде сарапшылар компанияның жақында жарияланған өнеркәсіптік есебі аса жаман емес деп тұжырымдаған. Бұл есепте компания өндірісі 1 пайызға қысқарғанын хабарлағанымен, алдағы уақытқа арналған өндірістік болжамы жақсы.
27 қарашада компанияның 2023 жылдың III тоқсанындағы қаржы есебі жарияланды. Осы есепке сәйкес, уран бағасы қымбаттағанымен, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының 9 айдағы пайдасы 1,7%-ға азайған.
Жалпы, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акциялары жыл басынан бері өсім көрсетіп, KASE индексін алға сүйреген еді. Қазақстан қор биржасының есебінде KASE индексі 2023 жылдың шілдесінде былтырғы құлдырауын толық жеңіп, кейіннен ұзақ мерзімді өсуді жалғастырғаны жазылған.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК акцияларының 75%-ы «Самұрық-Қазынаға» тиесілі, қалған бағалы қағаздары еркін айналымда: KASE-де 0,67% және Лондон қор биржасында (LSE) 24,33%-ы депозитарлық қолхаттар арқылы айналымда жүр.