Жаңалықтар

Бюджетке трансферт пен ҚМГ акциялары үшін: Қараша айында Ұлттық қордан $1,32 млрд валюта сатылды

Фото: kursiv.media

Ұлттық банк қарашада Ұлттық қордан 1,3 млрд АҚШ доллары көлемінде валюта сатты. Одан түскен қаражат республикалық бюджетке трансферттер қамтамасыз ету және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларын сатып алуға жұмсалған. Бұл туралы бас банктің валюта нарығы туралы хабарламасында айтылған.

Ұлттық қордан сатылған валюта көлемі KASE-дегі сауда-саттықтың үштен бірін құраған.

Ал желтоқсан айында Ұлттық банк валюта сатуды екі есе азайтып, шашамен 600-700 млн АҚШ долларын сатуды жоспарлап отыр.

«Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 31% болды және бір күнде 60 млн АҚШ доллардан аспады. Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді», – делінген хабарламада.

Қарашаның қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 458,24 теңгеге дейін жетіп, 2,4%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың бір күндегі орташа көлемі бір айда 155-тен 192 млн АҚШ долларына дейін артқан. Жалпы сауда-саттық көлемі 4,2 млрд АҚШ долларын құраған.

Қараша теңгенің нығаюына Ұлттық қордан валютаны көптеп сату ықпал еткенін ескерсек, желтоқсанда ұлттық валютаны қолдайтын фактор азаймақ.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк қарашада шетел валютасын сатып алуды жалғастырған. Оның жалпы сомасы 200 млн АҚШ доллары немесе нарықтың жалпы көлемінен шамамен 5%-ын құрады.

Ұлттық Банк «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ активтерінің валюталық үлесін арттыру мақсатында қарашада  70 млн АҚШ доллары мөлшерінде валюта сатып алды.

Ұлттық Банк қарашада валюталық интервенция жүргізбеген.

«БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін желтоқсанда 100-ден 200 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде,  ал ҚДКҚ активтерінің валюталық үлесін арттыру үшін 30-дан 50 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алынуы күтіліп отыр»,  – делінген хабарламада.

Ұлттық банктің валюта нарығы туралы қазан айындағы ақпараттық хабарламасында республикалық бюджетке трансферт бөлу және ҚМГ акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан 1,5 млрд АҚШ доллары сатылғаны жазылған.

Сосын Ұлттық банк компания акцияларын сатып алуға қазан айында нақты 500 млрд теңге жұмсағанын хабарлады. Ұлттық банк бұл шара Үкімет шешімі негізінде жасалып отырғанын айтады. Осыған дейін Үкімет республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық банк қордың 1,3 трлн теңге активін қолданып, «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алуы туралы шешім шығарған.

Қазан айында Ұлттық қордың активіне сатып алынған 7,69 акцияға Қаржы министрлігі иелік етеді. Компания акциялары қараша айында тағы да сатып алынғанын ескерсек, Қаржы министрлігінің үлесіндегі акциялар қатары артты.

ҚМГ-ның соңғы есебінде Ұлттық банк «ҚазМұнайГаз» компаниясының жапы 122 млн акциясын сатып алатыны жазылған.