Аграрлық жобалар төмен несиелік мөлшерлемемен қаржыландырылады. Бұл жайлы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиын барысында айтылды.
Жиында АӨК қаржы институттары – Қазақстанның Даму банкі, Аграрлық несие корпорациясы, «Бәйтерек» холдингі және Halyk Bank басшылары жеңілдікпен қаржыландыру үшін аграрлық жобалардың басым бағыттары және несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін белгілеуге келісті.
Ортақ шешімге сәйкес ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік саясаты талаптарына жауап беретін жобалар шекті мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын несиемен үздіксіз қаржыландырылып отырады.
Осы орайда ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша АӨК-тің қайта өңдеу саласындағы жалпы құны 1,6 трлн теңгені құрайтын әлеуеті бар 500 жобаның пулы қалыптастырылды. Жеңілдетілген қаржыландыруға үміткер әр жоба көптеген критерий бойынша тексеріледі, соның ішінде қарыз алушы кәсіпорын моделінің бизнес тұрақтылығы және оның іскерлік беделі қаралады.
Пул құрамы әлі де өзгеруі мүмкін, алдағы үш жылда негізгі мақсаттарға қол жеткізу үшін – АӨК-тің жалпы өнімінің көлемін 2,6 трлн теңгеге және АӨК-те қайта өңделген өнім көлемін 30%-дан 70%-ға дейін ұлғайту үшін перспективалы жаңа жобалармен толықтырылатын болады.
Нalyk Bank АӨК саласындағы жобаларды шаруаларға мемлекеттік субсидиялар бөлу кезінде Үкімет және Бәйтерек холдингімен бірлесіп қаржыландыруға дайын екенін жеткізді. Кеңесте Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова банктің мемлекеттік қолдау нысанын бірінші кезекте терең өңдеуге ауыстыру туралы шешімді қолдайтынын айтты.
Ал Қазақстанның Даму банкі мен Аграрлық несие корпорациясының басшылары ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп қаржыландыру жолдарын қарастыратынын мәлімдеді.
«Ауыл шаруашылығын дамытудың басым бағыттары негізінен қазақстандықтардың азық-түлік себетімен айқындалған. Бұл тұтыну шығындарының жартысын құрайтын тауарлардың алты негізгі тобы: ет (17%), нан және жарма (8%), сүт өнімдері (5%), көкөністер (4%), жемістер (4%), қант және кондитерлік өнімдер (3,6%). Сондықтан біздің міндетіміз – бұл өнімдерді елде өндіруді қамтамасыз ету және тұтынушы үшін олардың құнын төмендету. Осы мақсатта мемлекет бірінші кезекте сүт фермаларын, көкөніс қоймаларын салу, мал шаруашылығын дамыту, суару, дәнді дақылдарды, етті, жемістер мен көкөністерді өңдеу жөніндегі жобаларды жеңілдікпен қаржыландыратын болады», — деді Серік Жұманғарин.
Еске сала кетсек 15 қараша күні Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару 8,6%-ға төмендегенін айтты. Министрдің сөзінше, бұған дәнді дақылдарды жинау көлемінің азаюы себеп болып отыр. Жыл басынан бері өндіріс көлемі төмендеген салалар қатарында металл кендерін өндіру – 1,1%, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 2,3%, көмір өндіру – 5,5% бар.
Оның үстіне биыл астық та бітік шықпады. Бірақ соған қарамастан Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қазақстандықтар нансыз қалмайды деп сендірді.