Жаңалықтар

Жылжымайтын мүлік нарығы: желтоқсан айында үй сату 19,2% артқан

тұрғын үй нарығы

Желтоқсан айында Қазақстанда тұрғын үй нарығы жандана түскен. Бұл айда тамыз айынан бергі екінші рет баспана сатып алу және сату бойынша 37 818 мәміле жасалған. Бұл жайлы Ұлттық статистка бюросы хабарлады.

«Желтоқсан тамыз айынан кейін тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша көп мәміле тіркелген екінші ай болды. 37 818 мәміле тіркелді. Оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 238 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 29 580 мәміле жасалды»,- делінген бюро хабарламасында.

2023 жылдың қарашасымен салыстырғанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 19,2% көбейді. Бұл айда 31 727 үй сатылған. Мәмілелер саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Бұл қалада 7594 мәміле жасалып, пайыздық көрсеткіште 20,1% жеткен. Екінші орында – Астана тұр. Елордада 7157 мәміле жасалып, 18,9% болған. Үшінші орында Қарағанды облысы тұр. Мұнда 2946 мәміле жасалған.

2023 жылдың желтоқсанында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері 2022 жылдың тиісті айымен салыстырғанда 12,6%-ға көбейген, ол кезде 33 587 мәміле ресімделген. Ал баспана ең аз сатылған өңір – Ақтөбе облысы. Бұл жерде сатылым көрсеткіші небары 15,3% құраған. Ал Алматы облысында бұл нарық көрігі қызған. Мәмілелер бойынша көрсеткіш 62,3%-ға көтерілген.

Еске сала кетсек, осыған дейін «Курсив» Қазақстандағы тұрғын үй нарығы бұрынғы қалпына келе алмай жатқаны туралы жазған.  

Осы жылдың наурыз айында республика бойынша 24 273 тұрғын үй сатып алу-сату мәмілесі тіркелген. Бұл  ақпан айындағы көрсеткіштен бар-жоғы 155 мәмілеге артық еді. Сарапшылар әдетте көктемда баспана сату-сатып алу көбейе түсетін айтқан. Ал 2022 жылдың наурыз айымен салыстырғанда бұл кқрсеткіш (67,8 мың бірлік) үш есе аз. Өйткені сол кезде қазақстандықтар зейнетақы жинақтарына тұрғын үй сатып алудың соңғы мүмкіндігін пайдаланған болатын.

Бұл айлардан кейін жылжымайтын мүлік нарығында мәмілелер тек тамыз айында көбейген. Тамызда 38 810 келісім болған. Ал қазанда келісім саны 32 975 болды. Яғни 2023 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 6,1%-ға (1 631 мәмілеге) кеміді. Қазан айында пәтерлер бойынша барлығы 24 952 мәміле жасалды, бұл – жалпы мәмілелер санының 75,7%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (21,2%), Алматы (21,2%) қалаларына және Қарағанды облысына (10,4%) тиесілі.

Сонымен бірге бұл жағдайға жаңа баспананың қымбаттауы да әсер етсе керек.  Осы жылы жаңа тұрғын үйлердің бағасы 4,4%-ға өскен. Ал қайталама нарықтағы үйлердің бағасы 2,9%-ға төмендеген.

Өңірлер бойынша жаңа үйлердің бағасы бір жылдық мәнде Ақтауда – 18%, Семейде – 16%, Павлодарда 15,5% қымбаттаған.