Қазақстан экономиканы әртараптандыру мен ақша-несие саясатының тиімділігі бойынша көптеген дамушы елден артта қалып отыр – Halyk Finance

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Экономиканы әртараптандыру ЖІӨ-ге тікелей ықпал етеді / kursiv.media

Halyk Finance сарапшылары 2023 жылы Қазақстандағы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің жоғары болуы – мақтануға себеп емес деп пайымдайды. Өйткені ел экономикасының өнімділігі мен бәсекеге қабілеті төмен. Сарапшылар Қазақстан экономиканы әртараптандыру деңгейі мен ақша-несие саясаты тиімділігі бойынша көптеген дамушы елден артта қалып отырғанын жазады.

«Қазақстан үкіметінің мәліметінше, 2023 жылы жан басына шаққандағы ЖІӨ 2022 жылмен салыстырғанда 13,7% немесе 1,8 мың долларға артты. Осылайша, 13,3 мың долларға жеткен. Соңғы үш жылдағы динамика оң болды. Алайда экономиканың өнімділігі мен бәсекеге қабілеті, оны әртараптандыру деңгейі мақтанарлық емес. Ақша-несие саясатының тиімділігі бойынша Қазақстан әлі де көптеген дамушы елден артта қалып отыр», делінген компанияның зерттеуінде.

Шын мәнінде, ЖІӨ-нің артуы жоғары инфляция мен жасырын жұмыссыздық көлеңкесінде. Сондықтан ол қазақстандықтардың орташа өмір сүру деңгейінің айтарлықтай жақсаруына ықпал етпейді. Сарапшылар бұл ретте жұмыспен қамтылғандардың бір бөлігі – шын мәнінде өнімділігі төмен жұмысшылар екенін айтады.

«2023 жылдың соңында экономикалық көрсеткіштердің жақсаруы сыртқы нарықтағы қолайлы жағдайға байланысты. Атап айтқанда, проциклдік фискалдық саясат, 2022 жылмен салыстырғанда мұнай өндірісінің артуы және ұлттық валютаның нығаюына байланысты», – дейді мамандар,

Тұтастай алғанда, нәтижеге қайтадан шикізат секторы есебінен қол жеткізілді. Оны экономиканы әртараптандыру тиімді болғаннан деп айтуға келмейді.

«Ең бастысы, қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын қаржысы тапқан табысының 51% деңгейінде қалып отыр. Бұл дамыған елдердегі көрсеткіштен бірнеше есе жоғары. Азаматтардың инвестициялауға бос қаражаты жоқ», – деп тұжырымдайды Halyk Finance.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары» атты жолдауын жария­лады. Оған сәйкес 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көле­мін екі есе арттыру көзделді. Бірақ Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің болжамдары көңіл көншітпейді. Оған сенсек, 2023-2024 жылдары ел экономикасы 3-4 па­йыз­ға ғана өседі. Ұлттық Банктің сарапшылар қоғамдастығы арасында жүргізген сауалнама нәтижесі де осыған қарайлас. 2023-2024 жылдары Қазақстан экономикасы 4 пайыз өсім көрсетуі мүмкін.

Ел үкіметі алдағы 5 жылда Қазақстаның жалпы ішкі өнім өсімі орта есеппен 6 пайызға жетіп, елдегі инфляция 2028 жылға қарай 5 пайызды құрайды деген болжам жасады. Ол үшін алдағы жылдары қара алтын бағасы 80 доллар шамасында қалыптасуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз