Rio Tinto Exploration Kazakhstan компаниясы (Rio Tinto австралиялық-британдық тау-кен компаниясының құрылымына кіреді) Қостанай облысындағы Иманов ауданында геологиялық барлау жұмысының сәтсіз жүргізілуі салдарынан бүлінген жерлерді қалпына келтіріп жатыр.
Компания өкілдерінің айтуынша, қалпына келтірілуге тиісті аумақ негізінен Денисов және Бейімбет Майлин аудандарында орналасқан.
Rio Tinto Рио 2020 жылғы тамызда Иманов ауданында қатты пайдалы қазбаларды барлау үшін 6 жылға лицензия алды. Барлау барысында 170 блог қамтылатын болды. 107 блок – Бейімбет Майлин ауданында, 60 блок – Денисов ауданында, 3 блок – Қамысты ауданында орналасқан. Блоктардың жалпы ауданы 358 шаршы шақырымды құрайды. Бұл аймақ порфирлі мыс кенін өндіру үшін қолайлы жер саналады.
Компания орташа тереңдігі 245,2 метр болатын 3 ұңғыма бұрғылады. Бастапқыда Rio Tinto 20 ұңғыма бұрғылауды жоспарлаған, бірақ руда қорының болмауына байланысты геологиялық барлау жұмысының жоспарына өзгеріс енгізді. Осылайша геологиялық барлау жұмысының жоспарланған көлемін орындамады.
Бұрғылау алаңы бүлінген жер болып саналады. Қазір оның жалпы ауданы 1,2 мың шаршы метрді құрап отыр. Үш бұрғылау алаңын қоқыстан тазарту және жою жоспарлануда. Бүлінген, бұзылған жерге құнарлы топырақ қабаты салынуы тиіс. Компания қалпына келтірілуге тиіс қабаттың жалпы көлемін 240 текше метр немесе әр бұрғылау учаскесінде 80 текше метр деп бағалады. Адамдардың және техниканың күшімен жасалатын техникалық жұмысты 2024 жылғы сәуір-мамыр айларында атқару жоспарлануда. Осыдан кейін топырақ дайындау, шөп таңдау және гектарына 18 келі тұқым себу көзделіп отыр. Осы іс атқарылғаннан кейін аумақ өздігінен жасыл желекке айналады.
Rio Tinto 2015 жылдан бері Қарағанды облысындағы Қорғантас және Балқаш-Сарышаған аумақтарынан бірнеше жылдан бері мыс іздеді. Қорғантастағы геологиялық зерттеу нәтижесіз болуына байланысты жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бұзылды. 2020 жылы Rio Tinto Қостанай облысында порфирлі мыс кен орындарын іздеуге бел буды.
Eurasian Resources Group тобына кіретін ERG Exploration компаниясының бас директоры Азамат Шалабаев 2023 жылғы қыркүйекте журналистерге компания өткен жылғы 1 тамызда өткен аукционда бұған дейін Rio Tinto қызығушылық танытқан солтүстік Балқаш өңіріндегі аумақты ұтып алғанын айтты.
«Мыс барлау үшін бұл нысанның болашағы зор. Бұрын Кеңес Одағы кезінде мұнда жер қойнауына геологиялық барлау жұмысы жүргізілген. Бізден бөлек бұл аумақты Rio Tinto «Қазгеологиямен» бірлесіп зерттеді. Бұл нысан 200 метр тереңдікке дейін зерттелді. Мұнда шамамен 200 мың тоннаға дейін мыс ресурсы бар. Құрамы көп емес, шамамен – 0,2-0,3%», – деді ол.
Оның айтуынша, ERG бұл аумақты 700 метрге дейінгі тереңдікте зерттеуді жоспарлап отыр. Өйткені компанияның геологтары көрсетілген тереңдікте мыс қоры бар деп болжаған.