Жаңалықтар

KASE басшысы KEGOC пен QazaqGaz компанияларының жекешелендіру жоспарынан шығарылуына қатысты пікір білдірді

KEGOC пен QazaqGaz

KEGOC пен QazaqGaz компаниясының жекешелендіру жоспарынан шығуы қор нарығына қалай әсер етеді Фото: kase.kz, shutterstock және wikimedia common

KEGOC пен QazaqGaz компаниясы жекешелендіру жоспарынан шығарылған. Үкімет 11 қаңтарда «2021 – 2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кейбір мәселелері туралы» қаулыға тиісті өзгерістер енгізген.

 «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы» және «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) «KEGOC» акционерлік қоғамы» деген бөлімдер алып тасталсын», – делінген қаулыда.

Қаулыға сәйкес, QAZAQ AIR акционерлік қоғамы екі кезеңнен тұратын ашық конкурс арқылы бәсекелес ортаға беріледі.

Сонымен қатар, бәсекелес ортаға берілетін компаниялар тізбесі толықтырылған. Тізімге жаңадан енген компаниялар қатарында «Тегіс Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайтын «Маңғышлақ Мұнай» ЖШС бар.

Тізімге «KEGOC» АҚ-ның еншілес ұйымы – «БатысТранзит» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» компаниясының еншілес кәсіпорыны – «East Copper» ЖШС кірген.

Осы орайда Қазақстан қор биржасының (KASE) басшысы Алина Алдамберген «KEGOC» және «QazaqGaz» компанияларының жекешелендіру тізімінен шығарылуының қор биржасына қалай әсер ететінін айтты.

«KEGOC» АҚ былтыр SPO өткізгені белгілі. QazaqaGaz-ға келсек, нарыққа шығуы компанияның IPO өткізуге дайындығына байланысты. Бұл ретте тек квазимемлекеттік сектордан ғана емес, жеке сектордан да IPO көп болғанын қалаймыз. Сондықтан бұл бағытта IPO-ның пайдасын жеткізу, қаржылық сауатты арттыру бойынша жұмысты жалғастыруымыз керек. Дегенмен IPО өткізуге өз акцияларын биржаға орналастыруға, инвесторлармен байланыс орнатуға дайын компанияларды шақырамыз. Акциялары ашық сатылымға шығатын компанияларға қойылатын талап та көп. Бұл компаниялардың табыстылығына және олардың инвесторлар үшін тартымдылығына байланысты. Тиісінше, бұл акцонерлердің компания IPO өткізуге қаншалықты дайын екеніне байланысты шығарған шешімі», – деді Қазақстан қор биржасының басшысы.

2023 жылы қарашада Ұлттық электр желілері операторы – KEGOC компаниясы акциялары қор нарығына екінші рет орналастырылды. Қайталама орналастыруда KEGOC компаниясының 5 пайыз акциясы нарыққа шығарылды

SPO басталарда Компанияның 90 пайыз акциясы – «Самұрық-Қазына» қорына, 7,5 пайыз акциясы БЖЗҚ-ға тиесілі болған. Қалған 2,5 пайыз акциясы 2014 жылы өткен «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында жеке инвесторларға сатылған. 

SPO барысында бүкіл инвестор, соның ішінде жеке инвесторлар тарапынан қызығушылықтың артқаны байқалып, сұраныс ұсыныстан 1,5 есе асып түсті.

Орналастырылған акцияларының 67 пайызын – жеке инвесторлар, 32 пайызын – ірі инвесторлар, ал 1 пайызын шетелдік инвесторлар сатып алды. Қайталама орналастыру нәтижесінде ұлттық оператор нарықтан 22,6 млрд теңге тартты.

SPO қорытындысы бойынша, компаниядағы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның үлесі 85%-ға дейін қысқарды, БЖЗҚ үлесі өзгермеді. Есесіне еркін айналымдағы акциялар қатары 2,7%-дан 8,1%-ға дейін жетті.

Үкіметтің жоспары бойынша, 2024 жылы – Air Astana, 2025 жылы – QazaqGaz бен «Қазақстан Темір Жолының» 5%-ға дейін акциялары IPO/SPO-ға шығуы тиіс еді.